Қан құю қауіпсіздігі артады: елімізде ScanQAN жүйесі іске қосылды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда қан компоненттерін цифрлық сәйкестендіруге мүмкіндік беретін ScanQAN инновациялық жүйесі іске қосылды. Жаңа жоба QR-код технологиясына негізделген, деп хабарлайды «24KZ».

Жүйе ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық қан орталығында енгізілді. Оның негізгі мақсаты – трансфузиялық көмектің қауіпсіздігін арттыру және адами факторға байланысты қателіктерді азайту.

QR-кодтар қан компонентін дайындаудан бастап, оны сақтау, тасымалдау және пациентке құюға дейінгі барлық кезеңде өнімді дәл сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Кодты сканерлеу арқылы медицина мамандары қан компоненті туралы толық ақпаратқа, соның ішінде зертханалық нәтижелерге, сақтау шарттарына және клиникалық ұсынымдарға жедел қол жеткізе алады.

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе стандартты жапсырманы кеңейтілген ақпарат көзіне айналдырып, дәрігерлердің шешім қабылдау процесін жеңілдетеді. Бұл әсіресе шұғыл жағдайларда жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Республикалық қан орталығында сапа менеджментін күшейтуге бағытталған қосымша цифрлық құралдар енгізілді. Олардың қатарында стандартты рәсімдер мен регламенттерге QR-код арқылы қол жеткізу және өндірістік процестердің маңызды кезеңдерін бейнемониторингтеу жүйелері бар.

Жоба пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға, қан компоненттерінің сапасын бақылауды күшейтуге және трансфузиялық қызметтің тиімділігін жақсартуға бағытталған.