Қазақстанда туберкулезден болатын өлім-жітім 25%-ға азайды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда туберкулезге қатысты негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер төмендеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Ведомство мәліметінше, соңғы бес айда елде аурушаңдық деңгейі 13,1%-ға азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 28,6 жағдайды құрады. Сонымен қатар туберкулездің таралу көрсеткіші 14%-ға төмендеп, 37,0 жағдайға дейін қысқарған. Өлім-жітім деңгейі де айтарлықтай азайып, 25%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 0,7 жағдайды құрады.

Бұл оң динамика балалар арасында да байқалып отыр. Атап айтқанда, 0–17 жас аралығындағы балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылық 5,7%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, 2024–2025 жылдары елімізде балалар арасында туберкулезден өлім жағдайы тіркелмеген.

Ауруды ерте анықтау мен емдеу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Туберкулезді диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмек шеңберінде жүзеге асырылады. Ал заманауи жедел әдістер ауруды және оның дәріге төзімділігін екі сағат ішінде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар емдеу тиімділігі жоғары деңгейде сақталуда: профилактикалық емнің нәтижелілігі 92,8%-ды құрайды. Пациенттердің басым бөлігі амбулаториялық деңгейде ем қабылдап, олардың бір бөлігі бейнебақылау арқылы немесе тікелей бақылаумен емделуде.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз