Ана мен бала қауіпсіздігі: 69 перинаталдық ұйым тексеруден өтеді

Фото: depositphotos.com

Еліміздегі 69 босандыру ұйымында инфекциялық бақылау талаптарының сақталуына ауқымды тексеру жүргізіледі. Негізгі мақсат – ана мен бала қауіпсіздігін күшейтіп, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу, деп хабарлайды «24KZ».

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 15 тамызға дейін Қазақстандағы барлық перинаталдық орталықтар мен босандыру қызметін көрсететін медициналық ұйымдарды тексеруді тапсырды.
Тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары медициналық мекемелердегі инфекциялық бақылау жүйесінің талаптарға сәйкестігін бағалайды. Мамандар ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу, санитариялық нормалардың сақталуы және пациенттердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қарайды.

Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Әрбір инфекция жағдайы жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдануы керек, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Министрліктің мәліметінше, тексеру мақсаты медициналық ұйымдарға санкция қолдану емес. Негізгі міндет – қауіп-қатерлерді ерте анықтап, оларды жою және босандыру саласындағы медициналық көмектің сапасын арттыру.
Сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды қажетті дезинфекциялық құралдармен, жеке қорғаныш жабдықтарымен, заманауи құрал-жабдықтармен және бір реттік материалдармен қамтамасыз ету тапсырылды.

Медицина қызметкерлеріне инфекциялық бақылау бойынша оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ антибиотиктерді дұрыс қолдану мәселесіне де назар аударылып, бактерияға қарсы препараттарды босату талаптарының сақталуына бақылау күшейтіледі.

Тексеру қорытындысы бойынша әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған жол карталары әзірленеді.
Министрлік бұл шаралар ана мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін арттыруға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз