Астанада «Есірткісіз елорда – дені сау ұрпақ» алдын алу науқаны өтті

Жеңіл ақшаға қызыққан жастар заңсыз есірткі саудасының құрбаны болғанын басына іс түскенде ғана түсінеді.

Жасөспірімдердің осылай жаппай алдануына және оңай табыс табу құмарлығына жол бермеу үшін "Есірткісіз елорда - дені сау ұрпақ" атты профилактикалық іс-шара өткізілді.

Жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 600-ден астам бұзушылық анықталды. Оның тең жартысы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 500 келіге тең есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасы кезінде мәлімдеді.

Жеңіл ақшаға қызыққан жастар есірткі саудасына қатысты көлеңкелі бизнестің құрбаны болғанын кеш түсінеді. Жасөспірімдердің жаппай алдануына жол бермеу үшін "Есірткісіз елорда - дені сау ұрпақ" атты профилактикалық іс-шара өткізілді. Ботаникалық саябақ аумағында ұйымдастырылған науқанда келушілерге үнпарақ үлестірілді.

Әлия Қибатқызы, қалалық полиция департаменті басқармасының бөлім бастығы:

- Заң мен тәртіп қағидаты аясында өткізілуде. Бұл полиция департаменті, сондай-ақ Есіл әкімдігі, "Жасыл желкен" қоғамдық қоры, біздің ішкі саясат және де білім басқармасының ұйымдастырылуымен өткізілуде. Бүгінгі іс-шара бірнеше этапқа бөлінген. Себебі профилактикалық іс-шараларды бірнеше ағымға бөлейік деп есептедік.

Саябақ кіреберісінде есірткіні қолданудың салдары туралы әлемге танымал суреттер қойылған. "Ашық микрофон" алаңы орнатылды. "Жасыл желкен" қоғамдық қорының өкілдері қала тұрғындарына заңгерлік кеңестерін берді. 

Гүлзат Алмажанова, «Жасыл желкен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Шалғай ауылдағы адамдар балаларын армандарын жетектеп үлкен қалаларға жібереді. Үлкен қаланың әрбір бұрышында бұларды қауіп-қатері күтіп тұрады. Жылтыраған нәрселерге қызығады. Міне сол кезден бастап бұл балалар ата-аналарын ренжіткісі келмей, өзіміз шешеміз деп түрменің арғы жағынан бір шығып жатады.

Қалалық полиция департаменті кішігірім спорттық іс-шараларын өткізіп, жеңімпаздарға сыйлықтарын табыстады. Дәстүрлі іс-шараның негізгі мақсаты - халықтың назарын есірткімен байланысты ахуалға аудару, бейжай қарамау. Өйткені бұл жағдайдан ешкім сақтандырылмаған.

Мирлан Алтынбек, Қанат Махмутов