Әлемде дерт көп, дәрі неге азайды?

Әлемнің біраз елінде дәрі-дәрмек тапшы. Әсіресе қатерлі ісікке қарсы препараттар қасқалдақтың қанындай қат. Дәл осы уақытта фармацевтика нарығы жаңа инновациялық дәрі-дәрмекпен толығып жатыр.

Кейінгі жылдары бір Қытайдың өзі әлемдік нарықта 120 млрд АҚШ долларына дәрі сатқан. Бұл өткен жылғыдан 36 пайызға көп. 

АҚШ-та 626 мың адамның өмірі қыл үстінде тұр. Бұл Америкалық онкологиялық қауымдастықтың дерегі. Басты себеп – обырға қарсы дәрі-дәрмек таусылуға шақ тұр. Елдегі онкологиялық орталықтардың 20 пайыздан астамы кемі 5 дәрі түрі жетіспейтінін мәлімдеді. Соның ішінде: сүт безі обырына қарсы – карбоплатин, өкпе обырын емдейтін – ифосфамид және қуық асты безі мен асқазан обыры үшін ең қажетті цисплатин тапшы. 

Қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмекке жалпы әлем бойынша сұраныс жоғары.

Statista мәліметі бойынша, былтыр обырды емдеуге арналған препараттар нарығы 217 млрд долларға бағаланды. Онкология фармацевтикалық нарықтағы ең ірі терапиялық сегментке айналып отыр. Өйткені барлық фармацевтикалық өнім саудасының 18 пайызы осы дертке байланысты. Сондай-ақ диабет, иммундық терапия, вакциналар, вирусқа қарсы дәрі-дәрмек, ревматизм, психиатриялық аурулар мен тромбоциттерге қарсы препараттарға сұраныс жоғары. 

Қатерлі ісікпен күрес XXI ғасырдың ең өзекті мәселелерінің бірі. Себебі ғасыр ортасына қарай науқас саны 35 млн-ға жетуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрі – өкпе обыры. Ресми мәлімет бойынша, әлемде жылына 2,5 млн  науқас тіркеледі. Бұл барлық онкологиялық аурулардың шамамен 13%-ы. Екінші орында сүт безі обыры, 2 млн 300 мың жағдай. Одан кейін тоқ ішек обыры, жыл сайын 1 млн 900 мың адамға диагноз қойылады. Төртінші және бесінші орындарда – қуық асты безі және асқазан обыры. 

Әлемдік фармацевтика нарығындағы дәрі-дәрмек жетіспеушілігі бұрын уақытша кедергі ретінде қарастырылған. Алайда кейінгі 5 жылда тапшылық өткір сезіледі. Нарықтағы тапшылықтың жартысына жуығы патенті біткен, арзанқол дәрілер. Мысалы, құны 1 доллардан төмен тұратын кейбір қолжетімді дәрілерді шығару зауыттарға тиімсіз. Пайда таппаған соң компаниялар өндірісті тоқтатады. Тіпті дамыған елдердің өзінде ауруханалар қажетті препараттардың тек 40-60%-ын ғана уақытында алып отыр. Сондай-ақ әлем бойынша дәрі жасауға қажетті алғашқы химиялық компоненттердің шамамен 70-80%-ы тек екі-ақ елге – Қытай мен Үндістанға тәуелді. Сол өңірлерде логистика баяуласа, экологиялық немесе саяси шектеулер болса, бүкіл әлем дәрі таппай қалуы мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз: