ШҚО-дағы Алтай қаласында МРТ орталығы іске қосылды
Шығыс Қазақстандағы Алтай қаласында МРТ орталығы іске қосылды. Аудан халқы бұған дейін облыс орталығына қатынайтын. Жылына кем дегенде мың адам диагностикалық тексеруден өтетін. Енді бұл қиындық артта қалды. Тұрғындар алысқа бармай-ақ, жергілікті жерде тексеріледі. Көршілес аудандарды да қамту мүмкіндігі бар. Жалпы өңірде ауыл медицинасының сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Алтай тұрғыны Румия Раздықованың денсаулығы сыр беріп, басы жиі ауратын болған. Жергілікті мамандар тексеріп, магнитті резонанстық томографиядан өтуге кеңес береді. «Алайда балам кішкентай болған соң, алысқа бара алмадым», — дейді Румия. Жақында МРТ орталығы ашылды дегенді естіп, бірден қабылдауға жазылыпты.
Румия Раздықова, қала тұрғыны:
— Магниттік резонанстық томографиядан өту керек деп айтқан. Әлі күнге дейін жете алмай жүрдім. Баланы тастайтын жер болмады, ертіп баруға тағы келмейді. Қыста көбінесе жол болмай қалады. Енді өз қаламызда осындай қызмет іске қосылғанына шынымен де қуанып тұрмын.
Бұл шалғай ауданда ашылып тұрған алғашқы орталық. Дәрігерлердің айтуынша, ауыл-аймақта диагностикалық аппарат қызметіне мұқтаж жан көп. Жылына кем дегенде мың адамға жолдама беріледі. Жол жүруге денсаулығы жарамайтындар томографияға жете алмайтын.
Олжас Нұрекенов, ауданаралық аурухананың бас дәрігері:
— Орталық жұмысын өз күшімізбен ұйымдастырып отырмыз. Екі ренгенолог бар, біреуінің тәжірибесі 15 жыл. Екіншісі де осы саланы меңгерген, Астана мен облыс орталығындағы білікті мамандардан сабақ алған. Медициналық аппарат жазбасын да өзіміз оқи аламыз. Ал қандайда бір күмәнді сұрақ туындаса орталық жүйеге қосылып, консилиум өткізге мүмкіндік бар.
Алтай ауданымен іргелес жатқан Үлкен Нарын, Қатонқарағай халқы да тексерістен өте алады. Осылайша, орталық 50 мыңдай адамға қызмет көрсетуге дайын. «Шалғай ауылдардың медициналық мүмкіндігін арттыру басты назарда», — дейді сала басшылары.
Айнаш Қапанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
— 11-ауданға заманауи рентген, ультра-дыбыстық зерттеу және маммология аппараты қойылды. Әсіресе диагностикалық тексерістен өткізу жабдықтарына мән беріп жатырмыз. Операция жасайтын блоктарды жаңғыртуға да назар аударып жатырмыз. Бұл медициналық көмек сапасын арттырады деген ойдамыз.
Жалпы соңғы екі жылда өңірдегі ауылдарға 180 бірлік медициналық құрал-жабдық алынды. Ол үшін 3 млрд теңге жұмсалды.
Автор: Жігер Бабаханов, Эльмира Ахметова.