СҚО-да 378 адам ағза доноры болуға келісім берді

Солтүстік Қазақстан облысында 378 тұрғын қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім берді.

Өңірде 101 науқас ағза трансплантациясына мұқтаж. Олардың басым бөлігіне бүйрек ауыстыру қажет. Дәрігерлердің айтуынша, ағза тапшылығын шешу жолының бірі мәйіттік донорлықты дамыту.

38 жастағы Ольга Попировник 9 жылдан бері бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Туыстары оған донор болудан бас тартқан. Петропавл тұрғыны аптасына 3 рет орталыққа келеді. Арнайы құрылғымен 4 сағат бойы қанын тазартады. Ол мәйіттік донор табылса ғана "қалыпты өмірге орала аламын" дейді. 

Ольга Попировник, Петропавл қаласының тұрғыны:

- 2017 жылдан бері гемодиализдің көмегімен өмір сүріп келемін. Барлығы қарапайым тұмаудан басталды. Кейін ол созылмалы дертке ұласты. Солайша екі бүйрегім де жарамай қалды. Сіңлім бір бүйрегін беруден бас тартты. Ендігі үмітім мәйіттік донорлықта. Ағзамды ауыстырғым-ақ келеді. Құрылғыға байланбай еркін ғұмыр кешсем деймін. 

Елімізде күту кезегінде төрт жарым мыңнан астам адам тұр. Өңірде 101 науқас. Мамандардың айтуынша, бір донор 7 адамның өмірін құтқарады. Республика бойынша көз жұмғаннан кейін басқалардың өмірін құтқаруға 17 мың адам ресми түрде келісімін берген. Облыста 378 тұрғын келіскен. 

Азаматтар өз шешімін eGov порталында қалдыра алады. Дегенмен, адам көзі тірі кезінде ағзасын алуға рұқсат берсе де соңғы шешімді туысы айтады. Егер жақыны қарсылық білдірсе, дәрігерлер ештеңе істей алмайды.

Әділхан Қабдуов, өңірлік трансплантациялау координаторы:

-  Науқас жансақтау бөліміне түскен кезде ми өлімі тіркелуі мүмкін. Бірақ адам аппарат арқылы тыныс алып жатады. Жүрегі де дәрі-дәрмектің көмегімен соғып тұрады. Яғни ағзалары донорлыққа жарамды болады. Сол сәтте біз оның туыстарымен сөйлесеміз. Дұрыс шешім қабылдау қажеттігін айтамыз. Жалпы бізде мәйіттік донорлық енді дамып жатыр.

Өңірде былтыр екі отбасы мәйіттік донорлыққа рұқсат берген. Ал биыл тағы бір тұрғынның туыстары осындай қадамға келісті. Нәтижесінде солтүстік қазақстандық донор 3 науқастың өмірін сақтап қалды. 

Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: