2027 жылдан бастап 77 мыңнан астам дәрігердің жалақысы 40%-ке өседі

Фото: ЖИ

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлері үшін үздіксіз еңбек өтілі мен психоэмоционалдық жүктемені ескере отырып, сараланған қосымша ақы енгізіледі, деп хабарлайды «24KZ». Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде кадрлық әлеуетті нығайту және медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіндегі жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы белгілеу ұсынылады. Емхана жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып 40%-ға дейін ұлғаяды», - деді министр.

Өңірлерде аудандық ауруханалар, жедел жәрдем стансалары мен қан орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарлануда. Оның ішінде 8 перинаталдық орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасы, Балалар шұғыл көмек көрсету орталығы және Балалар хирургиясы орталығы бар. Сондай-ақ Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының 5 жаңа үлгілік өңіраралық филиалын және 25 амбулаториялық-емханалық нысанды салу жоспарланған.

Жобаларды жүзеге асыру 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылымды құруға және жаңартуға, стационарлардағы төсек санын 9,2 мыңға ұлғайтуға және жаңғыртуға, сондай-ақ амбулаториялық көмек қуатын ауысымына 5 мыңнан астам келушіге көбейтуге мүмкіндік береді, - деді Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ оқыңыз: