Отбасының цифрлық картасы банктермен интеграцияланады
Отбасының цифрлық картасы 2026 жылғы желтоқсанда екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады, деп хабарлайды «24KZ».
Жоба әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру және мұқтаждық деңгейін бағалау жүйесін енгізу аясында жүзеге асырылады. Пилоттық сынақ кезең-кезеңімен жүргізіліп, алғашқы кезеңде табыс деңгейі жоғары азаматтар қамтылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, мұқтаждық принциптерін енгізу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа тәсілдерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Пилоттық жобаны мұқият тексерістен өткізудің бірінші кезеңінде әлеуметтік көмекті оңтайландыру шараларының тиімділігі қаралады. Нәтижесіне қарай бұл жұмыстың ауқымын одан әрі кеңейтеміз, — деді Асқарбек Ертаев.
Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіруге және ұсынылып отырған өзгерістердің тиімділігін кеңінен енгізуге дейін бағалауға бағытталған.