Жетісу облысының блокты модульды медициналық пункттер ашылды
Жетісу облысының Көксу ауданында төрт бірдей блокты модульды медициналық пункт ашылды.
Кұрастырылмалы кешендердің әрқайсысына жергілікті қазынадан 32 миллионнан астам теңге бөлінді. Заманауи үлгідегі нысандар аудан орталығынан 30-40 шақырым қашықтағы елдімекендерге салынып пайдалануға берілді.
Мұқаншы ауылында осыған дейін жеке медициналық пункт ғимараты болмаған. Сала қызметкерлері ескі мәдениет үйінің бір бөлмесін пайдаланып, науқастарға ем дом шараларын жасап келді. Блокты модульды кешеннің салынуымен елдімекендегі ең өзекті мәселе шешімін тапты. Енді басы ауырып, балтыры сыздағандарға заманауи мекемеде сапалы қызмет көрсетіледі.
Сейіткәрім Көптілеуов, Мұқаншы ауылының тұрғыны:
- Өздері учетта болғаннан кейін өздері шақырып тұрады. Айына бір екі рет. Сол кезде қаралып тұрам. Кейде назначение береді. Соған жақсы болды. Ол кезде біз анау центрге баратынбыз. Қазір енді үйдің жанынан келе саламыз. Скл Бұл жалғыз маған емес бүкіл ауылға қажет. Бұл неше жылдан бері ауылдың армандайтын арманы. Қазір Құдайға шүкір сол арманға жетті.
Мұндай медициналық пункттер Мәуленбай, Ақтекше, Қазақстанның он жылдығы ауылдарында да пайдалануға берілді. Нысандардың ашылуына байланысты әр аудандағы маман тапшылығын жою үшін Думан Қанатханұлы сияқты 18 жас дәрігер жұмысқа қабылданды.
Думан Қанатханұлы, дәрігер:
- Мәуленбай ауылында 223 тұрғын тұрады. Соның барлығына біз дәрігерлік деңгейінде қызмет көрсете аламыз. Яғни науқастарға алғашқы санитарлық көмектен бастап күндізгі стационар барлық көмек көрсетіледі. Егер қатты көмек керек болып жатқан жағдайда науқастардың үйіне барып көмек көрсетеміз.
2022 жылдан бері Көксу ауданында жеті емдеу мекемесі салынды. Алдағы уақытта тағы бірнешеуі жаңартылады.
Жаннұр Сырымов, Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Келесі жылға 2 БМК салсақ, 25 жылға тағы екеу, сонымен қатар фельдшерлік акушерлік пунттен тағы төрт фельдшерлік акушерлік пункт саламыз. Сонда 25 жылға бүкіл Көксу ауданында бүкіл медициналық нысандары толығымен жаңартылады.
Жетісу облысында биыл 27 блокты модульды медициналық пункт ашылады. Ал келер жылы тағы жиырма шақтысын салып, ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов