Жаңа нысанға жас маман керек
Екі жылда 655 елді мекенге медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандары салынатын болып белгіленген.
Оның 90-нан астамы Қарағанды облысындағы шалғай ауылдарға тиесілі. Өңірде биыл 20 фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылса, қалған 78-і келер жылдың еншісінде.
Нысандар салынғанымен, онда жұмыс істейтін мамандардың мәселесі де түйткілді шаруа болып тұр. Бұл қиындық Қарағанды облысында қалай шешіліп жатыр?
Ауылдағылардың ауруханадан қағылып, қит етсе тәуіпке жүгінетін кезеңі артта қалғаны рас. Алыстағы ағайынның да сапалы медициналық көмек алуға хақы бар. Қарағанды облысында 100-ге жуық медициналық пункт не болмаған, не мынау сияқты кеңестік кезеңнен келе жатқан жалдамалы, төбесінен су аққан, іште жылу жоқ, келген адам сауығып емес, ауруына ауру жамап кететін жерден ем алып жүрген. Бірақ биыл өңірдің 20 ауылында шағын, бірақ қажеттінің бәрі бар емдеу пунктері ашылды.
Альфия Иманбекова, Заречное ауылының тұрғыны:
- Біз Киевканың түбінде тұрсақ та, ауа райына байланысты жиі бара бермейміз Киевкаға. Содан ауылда тұрған адамдарға өте жақсы болды. Өте қуаныштымыз осындай ғимарат ашылғанына.
Вера Антонюк, Қызылқайың ауылының тұрғыны:
- Жақсы, жарық нысан салып берді. Біз өте қуаныштымыз. Бұрынғыдай аудан орталығы немесе қалаға сабылудың қажеті жоқ. Өз ауылымызда отырып-ақ ем қабылдаймыз. Зертханада сынамалар тапсыруға болады. Орталыққа бару керек болса, осы жерден жолдама береді.
Осы кезде ауылға жас маман тарту жұмысы да қатар жүрді. Себебі дәрігері болмаса аурухананың жетім екені айтпаса да түсінікті. Қарағанды облысы ел бойынша алғаш болып «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасынан бөлек, болашағын ауылмен байланыстырған жастарға 5 млн теңгеге дейін көтерме ақша берді. Соның бірі – Жезқазған өңірінің тумасы Ақбота Қожамқұлова. Ол медициналық колледжді аяқтаған соң Қарағанды медициналық университетіне түседі. Он жыл бойы білімін жетілдірген дәрігер енді Ботақара кентінде жұмыс істеп жүр.
Ақбота Қожамқұлова, акушер- гинеколог:
- Бұқар жырау өңіріне келгелі осы жерде науқастарды қарап, босандырып, стационар бөлімінде акушер-гинеколог болып жүрмін. Жас мамандарға көмек ретінде 5 млн берілді қолға. Акимат тарапынан берілді, ол жақсы қомақты қолдау болды. Сосын емханада бізге осында келгеніміз үшін көтерме ақшалар берілді. Біз енді осында болмаған соң үймен қамтамасыз етті. Бала-шағамды мектепке орналастырып, жұмысымды атқарып жүрмін.
Ақбота сынды ауыл-аймақтарда жұмыс істеп жатқан тағы 68 маман бар. Олар келісімшартқа сай енді барған жерде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс. Негізі заңға сәйкес, ауылда 50 адам тұрса да, олардың денсаулығына қарайтын жағдай жасалуы керек. Ауыл мен қаланың денсаулық сақтау саласындағы алшақтықты қысқарту үшін Қарағанды облысында келер жылы тағы 78 нысан жаңғыртылады.
Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Біздің ФАП-та бүкіл керекті жабдықтар бар. Оның ішінде ЭКГ, зертханалар және кальпаскоптар профилактикалық және скринингтік жұмыстар жүрігзу үшін, алғашқы медициналық және жедел медициналық көмек көрсету үшін бүкіл жабдықтарымыз ішінде бар. Осы жылы біз ауылдарға 68 жас маман қабылдадық. Оның 61-не біз көтерме ақшасын төледік. Ол 1,5 млн-нан 5 млн-ға дейін.
Келер жылдың қаңтар айында қалған 78 нысанды салу бойынша конкурс жарияланады. Олар 2024 жылы пайдалануға беріледі. Дегенмен, осының өзінде Қарағанды облысында медициналық пунктке зәру 26 елді мекен қалады. Сала басшылары жас мамандарды ауылға тарту жұмыстары мен емдеу пункттерін салу жұмыстары осы жүйе бойынша жалғасын табатынына сендіріп отыр.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар, 24.КZ, Қарағанды облысы.