Дәрігерлер скринингке салғырттық танытпауға шақырады
Былтыр 2,8 млн қазақстандық медициналық скринингтен өткен.
Олардың 1,1 млн-ы – ауылдағы ағайындар. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылға қойылған межеден төмен. Жауаптылар жыл көлемінде 3,5 млн халықты медициналық тексерістен өткізуді жоспарлаған болатын. Көп жағдайда біздегі бұқара салғырттық танытады. Тұрақты қаралып, денсаулығындағы кінәратты анықтауға тырысатын тұрғындар некен-саяқ.
- Скрининг туралы естіп жүрміз, «оған бару керек» деп қоямыз. Бірақ ол жоспар күйінде ғана қалып жатыр. Өкінішке қарай, көп адам да сүйтетін шығар, мен сияқты.
- Скрининг? Жоқ өтпедім. Қазақ деген тек ауырған кезде ғана барады ғой.
- Анау кабинет істемейді, мынау істемейді. Анау «олимпке» барыңдар дейді. Оған барғанда қымбат. Сондықтан өте алмай қаласың.
Жағдай осылай. Скринингке шақырылған қарашаның тек 80%-і ғана ақхалаттылардың қызметіне жүгінеді. Ал қалған халық қолды бір-ақ сілтеп, бей-жай жүр. Рас, ауруы асқынып, жанына батпайынша біздегі бұқараның көбі емханаға аттап баспайды. Тіпті скринингтен өтпек түгілі, атауын бірінші рет естіп тұрғандар да кездесті. Ал мамандар: «дұрыс жасалған диагностика аты жаман аурудан адам өмірін арашалап қалуға мүмкіндік береді», - дейді.
Маржан Канафина, дәрігер:
- Қазақстанда онкология ауруын анықтау мақсатында 3 түрлі скрининг жүргізіледі. Олар – жатыр мойны обыры скринингі. Бұл бойынша 30 бен 70 жас аралығындағы әйел адамдарды тексереміз. Ал сүт безі обырына скрининг 40-70 жастағы азаматшаларға жасалады. Сондай-ақ барлық 50 жастан асқан ер және әйел адамдарға тоқ ішек обыры скринингінен өту міндеттеледі.
Елде обыр дерті дендеп тұр. Соңғы жылдары онкологиялық ауруларға душар болған бұқараның саны 4,7%-ке өскен. Алайда сырқат салдарынан көз жұматындар 7,8%-ке азайып отыр. Бұл тұста скрининг барысында ауруы анықталып, алдын-ала ем қабылдаған адамдар себеп.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Я мамандар скринингке салғырттық танытпауға шақырады. Сонда ғана жұрт арасында жаман ауру аталып кеткен кеселдің жолын кесуге болады. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы 40 мыңға жуық қазақстандық қатерлі есікке шалдыққан. Өкінішке қарай, олардың 13 мыңы қайғылы жағдайда аяқталды.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мұрат Әріпханов.