Президент тапсырмасы: Басы таудай, аяғы қылдай
Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 655 медициналық мекеменің құрылысы аяқталуға тиіс.
Бірақ бүгінге дейін тек 100-ге тарта нысан пайдалануға берілген. Құрылысты бастау былай тұрсын, әлі құжаттарын әзірлей алмай жатқан өңірлер бар. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де жоққа шығармайды. Жұмыстың тиімсіз жүріп жатқанын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да сынға алған еді. Сонымен тиісті меже биыл орындала ма? Қай өңірлерде құрылыс ақсап тұр?
Осыдан үш жыл бұрын басталған ұлттық жобаның аяқталатын түрі жоқ. Тіпті кей өңірлерде құрылыс жұмыстары енді басталады. Мәселен, Ақмола облысында жоба аясында 38 медициналық нысан салынуы тиіс еді. Барлығы облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарда бой көтеруі керек. Алайда құрылыс қарқын алмаған. Тек көктемде басталады деп жоспарланып отыр.
Нұрлан Ақылбеков, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Осы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде аймақтағы медицина саласының инфрақұрылымы 90 процентке жақсарады деген сенімдемін. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық қызмет қолжетімді болады. Қазір 18 жобаның сараптамалық қорытындысы шықты. Оның ішінде 13 жобаға республикалық қазынадан қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады. Ал қалған жобалар әлі де жетілдірілу үстінде.
Жалпы ұлттық жоба шеңберінде елімізде былтыр 99 нысан ел игілігіне берілуі тиіс еді. Бірақ соның тек 85-і ғана пайдалануға берілді. Тиісті ведомство өкілдері, құрылыс жұмыстары ақсап тұрған өңірлерді тізіп шықты.
Саидазим Колдоров, ҚР ДСМ инвестициялық саясат департаментінің бас сарапшысы:
- Атап айтқанда Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында баяулық білінеді. Ол да болса, мердігерлерді анықтау бойынша жұмыстардың созылуына байланысты. Медициналық санитарлық алғашқы көмек обьектілері 2024 жылы салынып бітуі керек. Яғни 655 обьектінің 99-на қаржыландыру бөлінді. Енді қалған 565 обьекті салынып бітуі тиіс.
Айта кетейік, ұлттық жоба аясында емдеу мекемелерін жаңартып, техникалық базасын нығайту да көзделіп отыр. Мысалы, былтыр жоба аясында 80 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30-дан астам аудандық ауруханаға жаңа қондырғылар орнатылған. Тиісті жұмыстар осы жылы да жалғасын табады.
Абзал Азаматұлы, Ербол Дайыров, 24.KZ.