Су тасқыны. Кардиоорталық қауіпсіз жерге көшірілді
Деркөл өзенінің деңгейі қауіпті шектен асып кетті. Кеше Орал қаласындағы бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
Маштаков ауылы мен "Ягодка", "Үміткер" саяжайларынан 109 адам Орал спорт клубына, 46 адам Деркөл мәдениет үйне орналасты.
Кардиологиялық орталықта жатқан 77 науқас та орын ауыстырды. Енді олар емдерін қалалық көпбейінді ауруханада жалғастырады.
Шаған өзенінің де арнасы толып келеді. Жалпы Жайық, Шаған, Деркөл өзендері алабындағы бау-бақша серіктестіктерінде 20 мыңдай адам тұрады. Олардың барлығына тасқын кезінде қапы қалмай, қауіпсіз жерге көшу керектігі ескертілді.
Сондай-ақ кеше қырдан келген қар суы қала іргесіндегі Подстепное ауылының бірнеше көшесіне жайылды. Бұл аумақта қосымша қорғаныс бөгеттері көтеріліп, арықтар қазылып, су сору жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар Теректі колледжі мен Подстепное мектебіне орналасты.