Депрессия дерт пе?
Қазақстан депрессия ауруы бойынша 180 елдің арасында 93 орында тұр. Бұл Халықаралық тәуелсіз интернет журналының мәліметі.
Біздің елде депрессияға шалдығатын адамдардың үлесі 4,4 пайыз. Бұл аз ба, көп пе? Бұған не себеп?
Былтыр психотропты заттарды қолданатындардың күйзеліске түсуі 4,2 пайызға артыпты. Осыған қарап мұндайға әуестігі жоқ адамдардың уайымы жоқ дерсіз? Бірақ олай емес екен.
Адамның ұзақ уақыт көңіл күйі болмай, мазасы қашып, ұйқы мен тамақ режимі бұзылса, өмірге қызығушылығы болмаса психолог маманға жүгінген жөн. Себебі бұл үлкен күйзелістің басы болуы мүмкін.
Анаргүл Ибраимбекова, психолог:
- Депрессия дегеніміз адамның ұзақ уақыт көңіл күйінің бұзылысы яғни, психикалық денсаулықтың бұзылысы. Сонымен қатар, депрессия уақытында адамда қоршаған ортада боп жатқан дүниелерге еш қызығушылық болмайды. Ол ұзақ уақыт сақталып, содан кейін психикалық денсаулықтың бұзылуынан адамда көңіл күйі үнемі төмен деңгейде өзін-өзі жайсыз күйде сезінетін бір күйді айтады.
Күйзеліске жақын тұратын елдердің қатарын Украина бастап тұр. Бұдан кейін АҚШ, Аустралия және Эстония, оларда бұл көрсеткіш 5,9%. Көршілес мемлекеттерден Ресей алдымызда болса, Өзбекстан мен Қырғызстанда бұл көрсеткіш 4,2 пайыз.
БЛИЦ:
- Уайымның әсерінен, сосын көңіл күйдің болмауынан болады ғой.
- Өмір адамның қиялындағыдай болмайды. Соны көбіне жастар түсінбейді. Бәрі қазір бірден болса екен дейді. Сол сәтсіздіктерді ауыр қабылдайды. Сосын депрессияға түседі.
- Депрессияға түспеу үшін адамның жағдайы жақсы болуы керек. Семьяда тыныштық болуы керек. Бәрі жеткілікті болуы керек.
- Адамда бірінші стресс болуы мүмкін. Одан құтылмағаннан кейін ол бірте-бірте депрессияға әкеп соғады.
Есепке сүйенсек, елде күйзеліске душар азаматтардың саны 732,7 мың адамға жетеді. Бірақ бұл – болжам. Өйткені жабықтым, торықтым деп ешкім дәрігерге бара қоймайды.
Әсел Жұбанышева, психолог:
- Көп адамдар депрессияны ауру ретінде қабылдамайды. Сондықтан көп жағдайда адам ауруханаға қаралған кезде ол депрессияның күрделі жағдайына тап болады. Ал депрессияның ең соңғы түрі ол – адам өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін.
2023 жылы 3694 суицид оқиғасының 99-ы ауыр психикалық күйден 120-сы жалғыздықтан, 28-і психикалық зорлық-зомбылық салдарынан болған. Ал биылғы қаңтар-ақпан айында 237 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының 8-і ауыр психикалық күйден болса, жетеуі жалғыздықтан жабыққан.
Алмагүл Айтжанова, психиатр дәрігер:
- Ең алдымен тексеріс жүргізеді. Негізі депрессия бар ма, жоқ па соны белгілейді. Содан кейін ем қолданады. Емнің екі түрі бар. Ең алдымен медикаментозный және қосалқы психотерапия жүргізіледі. Басы ауырса кейбіреу дәрі ішіп жүре береді. Кейбір кездері ғана невропотологқа баруы мүмкін. Бірақ ол – сирек. Біраз күн бойы ой мазалап, мазасы кетіп, ұйықтамай жүретін болса, депрессияның белгілері болып саналады.
Мамандардың айтуынша, депрессия түрлі аурулардың себепшісі. Сол үшін өмірге шынайы көзқараспен қарап, күйзеліске жол бермеу қажет.
Зарина Кәп, Асхат Каракойшиев, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ