30 млрд. Риддердегі аурухана құрылысына тағы да қаржы бөлінеді
Риддердегі көпбейінді аурухана құрылысы қайта қаржыландырылады.
4 жыл бұрын басталған жобаға түзетулер енгізіліп, салдарынан жұмыс ұзаққа созылып кеткен еді. Әзірге медициналық нысан облыстық бюджет ақшасына салынып жатыр. Қалған жұмысқа республика бюжетінен қаржы бөлінеді. Жалпы үлкен аурухана кешенінің құрылысына 30 млрд теңге жұмсалады.
Аурухана құрылысы осыдан 4 жыл бұрын басталды. Ол үшін Риддердегі ескі нысанның бір корпусы сүрілді. Барлық бөлімдегі науқастар бір ғимаратқа көшірілді. Палатада төсек саны көбейді. Бұл емделушілер үшін де, дәрігерлер үшін де қолайсыз.
Гүлнар Кітапбаева, қалалық аурухананың бас дәрігері:
- Бәріміз осы аядай ғана мекеме ішінде емделуге, қызмет етуге мәжбүрміз. 4 төсек болуы тиіс палатада 5 немесе 6 төсек қойылды. Бұл ғимарат 1957 жылдары салынған. Жаңа стандарттарға сай келмейді.
Лариса Райдер ауруханаға жиі түседі. Қант диабетіне шалдыққан. Көбінесе палатасында отырады.
Лариса Райдер, қала тұрғыны:
- Дәліз өте тар. Арбамен шықсам, ары-бері жүрген адамдарға ыңғайсыз. Олар өте алмай қалады. Тезірек жайлы, кең мекеме салынса екен.
Көпшілік күткен аурухананың құрылысы тоқтап қала жаздап, қайта жалғасты. Қазір жұмыс қарқынды.
Мұнда станционарлық емхана бой көтереді. Бастапқыда бұл 140 орындық ғимарат болады деп жоспарланған еді. Дегенмен қаланың үлкейіп келе жатқаны ескеріліп, ғимаратты да үлкейту туралы шешім қабылданды. Енді 200 орындық, бес қабатты медициналық мекеме салынады.
Стационар ғимаратын үлкейту туралы шешімнен соң, жобаға түзетулер енгізілді. Оның мақұлдануын күтуге тура келген. Мердігер компания уақыттан да ұтылды. Құны 30 миллард теңге тұратын құрылысты қаржыландыруға облыстық бюджеттің ақшасы жетпейді. Сондықтан барлық құжат рәсімделіп, республиалық бюджеттен қаржыландыру жалғасады.
Таласбай Шантаев, құрылыс прорабы:
- Әрлеу жұмыстарына кірістік, жағдай қиын болса да жұмысты бір сәтке тоқтатқан жоқпыз. Жылу жүйесін қосып қойдық. Стационар бойынша бетон жұмыстар қолға алынды. Екі ауысыммен 30 адам жұмыс істеп жатыр.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, қаржылық кедергі туындамаса, емхана биыл қолданысқа беріледі. Ал стационар құрылысы келер жылдың соңында аяқталуы тиіс.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, 24.KZ, ШҚО