Отандық дәрігерлер бірегей ота жасады
Астаналық кардиологтар мен хирургтер IV дәрежелі ісік ауруына ота жасады.
Мұндай отаға медицинасы озық елдердің де дәрігерлері бас тіге қоймайды. Операция сәтті өтті. Науқастың жағдайы түзеліп келеді. Бүгін тіпті үйіне шығуға тиіс. Бірегей ота жасаған мамандармен тілдесіп, науқастың жағдайы қалай екен?
56 жастағы астаналық Жәлел Айтмағамбетовті 2 жыл бойы бүйрегі мазалаған. Алғашқыда аса мән бермеген. Келе-келе дерті үдеп, ақыры қатерлі ісіктің IV дәрежесі анықталған. Ісік бүйректен жүрекке өте бастаған.
Жәлел Айтмағамбетов, ем алушы:
- Маған Әнуар Мұратұлы алдында: «Сіздің отаңыз ауыр. Сақтай алуымыз да мүмкін, сақтай алмауымыз да мүмкін», - деп ескертті. Өз қолыммен қолхат жазып бердім. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Осы уақытқа дейін ентігу пайда болатын, дәретім қызарып кете беретін, қазір бәрі жақсы.
Ота жасамас бұрын біздің дәрігерлер мен шетелдік мамандар кеңескен. Бірақ отаның қауіпті екені ескеріліп, одан бас тарту жайы да айтылған. Бірақ біздің тарап басқа амал болмаған соң, 2 апта үздіксіз дайындалып, науқаспен келісіп, ота жасауға кіріскен.
Әнуар Әбдікәрімов, жалпы және торакальды хирургия бөлімінің басшысы:
- Бізге түскен науқастың оң жақ бүйрегінде қатерлі ісік болды. Сол ісік бүйректің веналық тамырына тарап, жүрекке түскен. Яғни, ісіктің көлемі ұлғайып, ішке сыймаған соң бірінші тамырға кетіп, тамыр арқылы өседі. Осы науқасты қытайлық дәрігерлермен телемост арқылы кеңес алып, олар да бізге отаға тартуды ұсынды. Бірақ біз оған қарамастан тағы да бірнеше консилиум жасап, ота жасаймыз деп шештік.
Дәл мұндай дертпен әлемде 7-8 пайыз адам ауырады. Оның өзінде оларға ота жасала қоймайды. Сондай-ақ мұндай дертті екі жыл бойы көтеріп жүру де оңай емес, бұл сирек болатын жағдай дейді мамандар.
Ерлан Омаров, хирургия бөлімінің хирург-онколог дәрігері:
- Сирек кездесетін патология деп айтуға болады. Сирек кездеспегеннің өзінде де тромптың жүрекке дейін баруы ол 7-8 пайызда кездеседі. Әрі дүниежүзі бойынша мұндай оталарды жасамаса, емге көнбейді. Ауруханалар оларға отказ береді. Сирек жасалатын ота.
Жалпы ота 10 сағатқа созылып, 20-дан астам дәрігер қатысқан. Мамандар науқастың қатерлі ісіктің мұндай ауыр түріне шалдығуы дер кезінде скринингтан өтіп, тексеріс жасамағандықтан дейді. Сондықтан сіз де салғырттық танытпай уақытылы тексеріліп тұрыңыз.
Зарина Кәп, Ғалымжан Абдылахат, 24.KZ