Қазақстандық делегация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының сессиясына қатысып жатыр

Женевада өтіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 77-ші сессиясына Қазақстаннан арнайы делегация қатысып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ауқымды форумда климаттың өзгеруіне байланысты денсаулық сақтау шаралары, туберкулез бен полиомиелитті жою, медициналық қызметпен қамту сынды күн тәртібіндегі өзге де өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Еліміздің Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ассамблеяның пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше елдерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөніндегі жаһандық коалиция құру бастамасына қолдау білдіріп, оған мүше болуға шақырды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Бұл Коалиция арқылы әрбір мемлекет өзінің денсаулық сақтау жүйесін, әсіресе оның алдын алу шараларын, превенция шараларын нығайтуға бағытталған. Мәселен, кеше ғана арнайы Қазақстанмен, Испаниямен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірігіп, іс-шараны жүргізген болатынбыз. Сол іс-шараға 500-ден астам адам қосылып, осы коалицияны құруын талқылаған болатын. Көптеген мемлекеттер осы коалицияға енуге талпыныс беріп жатыр.

Сурайя Далил, ДДСҰ алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бағдарламасының директоры:

- Әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты елдер алғашқы медициналық-санитарлық көмек медицинаны дамытуға бағытталған ең маңызды қадам екенін ашық жариялап отыр. Қазақстанда 1978 жылы күшіне енген Алматы декларациясы қолданыста. Кейін ол 2018 жылы Астана декларациясы болып қайта өзгертілді. Бұл құжат алғашқы медициналық көмекті тұрақтандыру бойынша тарихи әрі сыни тұрғыда маңызды рөл атқарады.