Қазақстан ДДҰ Ассамблеясында ұсыныс жасады

Қазақстан Женевада өтіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау

Ассамблеясының 77-сессиясында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту елдерінің Коалициясын құру туралы мәлімдеме жасады. Форумда еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алғашқы медициналық-санитарлық көмектің басымдықтары мен артықшылықтарына тоқталып, ДДҰ-ға мүше елдерді Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Коалицияға қосылуға шақырды.

Жанат Эрнст, тілші:

- Форумда талқыланатын жаһандық денсаулық сақтау мәселелерінің қатарында климаттың өзгеруі жағдайында денсаулықты қорғау, қауіпті аурулармен күресу және болашақта ықтимал пандемияға дайындық шаралары бар. Жалпы медициналық қамту мәселесі және әлемдік денсаулық сақтау жүйесін бастапқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі дамытуға қайта бағдарлаудың маңыздылығы туралы бөлек маңызды мәселе көтерілді. 

Былтыр Астанада өткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ДДҰ-ға мүше елдердің осы бағыт бойынша Коалициясын құру туралы бастама көтерген болатын. Ал бүгінгі форумда сөз алған еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алғашқы медициналық-санитарлық көмектің басымдықтары мен артықшылықтарына тоқталып, Қазақстан басшысының бастамасымен құрылған Коалицияға қосылуға шақырды. Бұл идеяға ДДҰ басшылығы мен ұйымға мүше елдер қолдау көрсетуде. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Осы Коалицияның Женевада тұсаукесері өтті. Қазақстан – алғашқы медициналық-санитарлық көмектің демонстрациялық алаңы бар санаулы елдердің бірі. Ал Еуропа аймағында осы бағытты дамыту бойынша ДДҰ-ның кеңсесі бар жалғыз ел. Сондықтан, біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек және бүгінгі күні алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытып жатқан Қазақстанның тәжірибесі көптеген елдердің қызығушылығын тудырып отыр. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттерді алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайтуды бірлесіп жалғастыруға және медициналық қызметтерге жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Коалицияға қосылуға шақырамыз. 

Форум аясында министр ДДҰ бас директоры Тедрос Гебрейюспен кездесті. Тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша Коалиция жұмысының келешегін, климаттың өзгеруінің Арал өңірі тұрғындарының денсаулығына әсері туралы және денсаулық сақтаудың басқа да өзекті мәселелерін талқылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Алматыдағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету кеңсесіңде бастапқы медициналық-санитарлық көмек Коалициясын ілгерілету бойынша Хатшылықты ұйымдастыру бастамасын қолдады. 

Ханс Клюге, Еуропа бойынша аймақтық директор:

- Біріншіден, мен министрге қазақстандық профессор, жаһандық алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізін қалаушы, доктор Төрегелді Шармановтың қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып көңіл айттым. Біз оның жұмысын жалғастырып, ДДҰ-ның Алматыдағы кеңсесін Президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша елдер Коалициясын қолдау үшін Жаһандық озық тәжірибелер орталығына айналдыру туралы шешім қабылдадық. Созылмалы аурулар немесе қаржылық тұрақтылық, медициналық көмектің сапасы, ана мен бала денсаулығы, осы бүкіл елдердегі барлық мәселелерді шешудің ең үнемді жолы – күшті денсаулық сақтау жүйесі. ДДҰ мен әлемдік қоғамдастыққа осындай тамаша мүмкіндік бергені үшін Қазақстанға көп рахмет айтқымыз келеді!

Түркия, Катар, Испания, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген әріптестермен кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Атап айтқанда, қазір ғана біз Катардың денсаулық сақтау министрімен кездестік, ол өз елінің оң тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Олардың бізден үйренгісі келетін де мәселелері бар. Сондықтан алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мәселесі, инвестиция тарту, жаңа технологияларды игеру және технологиялар трансферті мәселелері өте өзекті. 

General Electric Healthcare және Phillips компанияларының өкілдерімен Ақмарал Әлназарова Қазақстанда медициналық техника өндірісін локализациялау, сондай-ақ инвестиция тарту және медицина қызметкерлерінің әлеуетін арттыру мүмкіндіктерін талқылады.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов