Атыраулық балалар Түркістан облысында демалады

Биыл су тасқынынан зардап шеккен, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан 20 мың бала жазғы демалыспен қамтылады.

Жеткіншектерге мұндай мүмкіндікті «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ұсынып отыр. Атырау облысынан «Жаздық жолдама» жобасымен 130-ға жуық бала Түлкібас ауданындағы демалыс орталығына жайғасты.

Табиғаты тамаша Түлкібас ауданындағы мына демалыс лагері 130 балаға арналған. Мұнда Атырау облысының аудан-қалаларынан жиналған 10 мен 14 жас аралығындағы балалар жазғы демалысын қызықты етіп өткізіп жатыр. 

Әлихан Аухади, оқушы /Атырау облысы/:

- Лагерьде бәрі тамаша, күшті. Көптеген бағдарламалар бар. Кеше дискотека болды. Тамақтары да күшті. Көбінесе бізде үйірмелер бар волейбол, баскетбол деген секілді. Соған біз қатысып жатырмыз.

Сымбат Салауат оқушы /Атырау облысы/:

- Менің лагерьге үшінші рет келуім. Бұл жақта бізге 5 мезгіл тамақтандырады. Табиғаты өте керемет. Жақсы көңіл-күйде қарсы алды. Қазіргі таңда достарымыз өте көп. Достар тауып жатырмыз. Бізге осындай жағдай жасап жатқандарыңызға көп рахмет. 

Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Атыраудан жазғы лагерьге жеткіншектермен бірге арнайы топ жетекшілері де келген. 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай бұл демалыс бүлдіршіндердің көңілін көтергенін айтады. 

Рита Жанесеева, топ жетекшісі:

- Су тасқынынан зардап шеккен отбасы балаларына психологиялық тұрғыдан үлкен қолдау. Қазіргі таңда балаларды қорғау күні қарсаңында 128 бала лагерге қоныстанып, өз демалыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта Атырау облысынан шыққан мыңға жуық бала «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен жазғы демалыспен қамтамасыз етілмек. 

Бұл жоба биыл екінші рет жүзеге асырылды. Былтыр еліміз бойынша 20 мың бала қор есебінен жазғы демалысын лагерде өткізген. Биыл тағы да осынша балаға қуаныш сыйламақ. Мұнда балалардың алаңсыз ойнап, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. 

Шоқан Қайырғалиұлы, жазғы лагерь құрылтайшысы:

- Бағдарламаға байланысты 80 пайыз демалысқа арналған. 20 пайызы біз балаларға ағылшын тілін үйретіп, пайдалы құндылықтарды үйретуге тырысамыз. Бағдарламаның ішінде заманауи балардың өздеріне қызық элементтер көп. Осы жазда 9 сезон өткіземіз деп ойластырып отырмыз, 1500 баланы демалдырамыз деп. 

Түркістан облысында жазғы демалыс маусымында балаларға 22 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 мыңнан аса бала бюджет есебінен тегін, ал 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар тарапынан ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3 жарым мыңға оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов