«Аңсаған сәби» бағдарламасы үш жылда 7000 нәрестеге өмір сыйлады

Президент пәрменімен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы 3 жылда 7 мың нәрестеге өмір сыйлады, деп хабарлайды 24kz.

Азаматтарға ата-ана болу бақытын тарту етті. Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордадағы бағдарламаның осы мерзімдегі жұмысын қорытындылаған ерекше фестиваль өтті. Іс-шарада перзент сүю арманына жеткен 100-ден астам ата-ана бір-бірімен қауышып, қуаныштарымен бөлісті.

«Балалы үй базар» демекші, сәбилі отбасы қашанда береке мен қуанышқа толы. Дегенмен, статистикаға сүйенсек, елімізде әр алтыншы шаңырақ бедеуліктен зардап шегеді. Соңғы жылдары экстракорпоральды ұрықтандыру тәсіліне жүгінетіндер саны артқан. «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмысын бастаған еді. Игі жоба 2030 жылға дейін ұзартылды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Осы бағдарламаға дейін жылына 1000 квота берілетін. Кезегін күтетін әйелдердің саны да өте көп болатын. 7-8-10 жылға дейін баратын. Бүгінгі күні осы «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында күту 12 айға дейін ғана жетіп отыр. Мысалы, Астана қаласында, кез-келген өңірлерде негізі, айтарлықтай қолжетімділігін сезіп отыр деп ойлаймыз.

Гүлмайрам Дәулетбаева алғашқы перзентінен соң 15 жыл бойы сәби сүйе алмаған. Айтуынша, бүгінге дейін ЭКО әдісіне 4 мәрте жүгінген. Алайда оның үшеуі сәтсіз аяқталған. Жақсылықтан үмітін үзбей, «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысады. Осылайша, 2022 жылы өмірге Данелия есімді қыз келеді. Қазір қуанышы қойнына сыймай, игі жобаға алғысым шексіз деп отыр.

Гүлмайрам Дәулетбаева, ата-ана:

- Біз 2021 жылы «Аңсаған сәби» деген бағдарламамен келдік. Бұл бағдарламаны біз клиникада жүргенде айтты, Қазақстанымызда біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып, демографияны көтеру үшін, осы бағдарламаға құжат жинап, «Аңсаған сәбиге» келіп, қуанышты болып, Алмаз Құрманалиевичке рақмет. Бәрі де болады. Өз уақытымен келеді екен бәрі. «Аңсаған сәбиге» өте көп рақметімізді айтамыз.

«Экомед» орталығы «Аңсаған сəби» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 6554 квотаны игеріп, 3 мыңға жуық сәбидің өмірге келуіне себепші болды. Тек елорданың өзінде 2525 отбасының мыңнан астамы перзент сүйіп отыр.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі:

- Көптеген отбасыларға экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі қолжетімсіз болғандықтан, үлкен мемлекеттік бағдарлама бастадық. Осы 3 жылдың ішінде 21 мың квота берілді. 19 клиника атсалысты. Биыл 17 клиника ат салысып жатыр. Сол 21 мың квотадан 8 мыңға жуық жүктілік алынды. 7 мыңнан астамы қазір балалы болды.

Дильназ Тұрғазыева тілші:

- Біз денеден тыс ұрықтандыру зертханасында тұрмыз. Осы жерде жыныс жасушалары ұрықтандырылып, болашақ анасының жатыр қуысына тасымалдануына дейін жетілдіріледі. Мұнда арнайы жасанды интеллектпен жабдықталған инкубатор бар. Ол эмбрионның ұрықталған сәтінен бастап бластоциста деңгейіне жеткенше үздіксіз бақылауда болады. Эмбрионның имлантацияға және де жүктілікке әкелу мүмкіндігін бағалайды.

«Экомед Астана» орталығы «Mariyam» қайырымдылық қорымен тығыз серіктестік орнатқан. Бүгінге дейін қор көмегімен 9 cəби дүниеге келген, қазір 12 әйелдің аяғы ауыр және 8 жұп кезекті эмбрион тасымалына дайындық үстінде.

Ләйлә Сұлтанқызы, «Mariyam» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрайымы:

- Көптеген мемлекетте мұндай бағдарлама жоқ. Президентімізге мың да бір алғыс. Әрбір ата-анаға қуаныш сыйлайды. Себебі, Отан отбасынан басталады десек, кішкентай нәрестенің артында үлкен әулет тұр. «Аңсаған сәби» бағдарламасына кіре алмаған жандарға біздің «Мәриям қоры» көмектесуде. 1 жылдың ішінде 30-ға жуық отбасыға көмектестік. Кемі 2 млн-нан төлейміз әр эмбрион тасымалына. Көрсеткіш өте жақсы.

Елімізде жасанды ұрықтандырумен айналысатын 31 орталық бар. Оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде қаралады. Ал, балалы бола алмай жүрген отбасы бірден ЭКО-ға жүгіне алмайды. Әуелі емханаға есепке тұрып, толық тексеруден өтуі шарт. Оның нәтижесі бойынша ғана «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысуға болады. Айта кетейік, екі баланың тұсауы да қазақы дәстүрмен бүгінгі іс-шара аясында кесілді.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Абдулхамит Бөлекбаев