Ақтөбе облысында көкжөтел дерті көбейген

Ақтөбе облысында көкжөтел ауруын жұқтырғандар саны артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Тек жыл басынан бері 63 жағдай тіркеліп отыр. Ал былтыр осы кезеңінде бұл дерт түрі мүлде болмаған. Сондықтан қазір емханаларда дертке қарсы екпе салу қызу жүріп жатыр.

Көкжөтел – ауа арқылы, көбінесе түшкіру кезінде таралатын, тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Үздіксіз жөтелден ауа жетпей, соңы қайғылы жағдайға душар етуі де мүмкін. Ал өңірде бұл аурудың күрт көбеюін мамандар дертке тән табиғи жағдаймен байланыстырады.

Мұхтар Сербаев, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Инфекция адам арасында айналымда болады. Кейбір жылдары бұл жоғары болып кетеді. Соның ішінде жаңағы сырттан әкелінуі мүмкін. Қазір шетелге қанша адам барады. Содан біреу тасымалдағыш әкеледі де, екпе алмаған бала ауырып қалады. Жаңа айтып отырмын ғой, 95%-і екпе алмаған балалар ауырып отыр. Қазіргі жағдай тұрақталды. Біз қосымша вакцина егіп жатырмыз.