Таразда 85 жастағы дәрігер жүрекке операция жасайды
Таразда 85 жасқа келсе де жүрекке операция жасап жүрген кардиохирург бар.
Сейітхан Жошыбаев өңірде өзінің клиникасын ашқан. Мекемеде жылына 1000-ға жуық науқас ем алуда. Ал алдынан өткен шәкірттері білікті маман атанып, республиканың әр аймағында қызмет етіп жүр.
Сейітхан Жошыбаев еңбек жолын 63 жыл бұрын Қырғызстанда бастаған. Алғашқы 5 жылында жалпы хирург болып қызмет етті. Одан кейін Мәскеуге 3 жылдық аспирантураға оқуға түседі. Содан бері тек жүрек дертін емдеп жүр. Бүгінге дейін 3000-нан аса сәтті операция жасаған.
Сейітхан Жошыбаев, медицина ғылымдарының докторы, академик:
- Мен ол өзімнің міндетім ғой деп ойлаймын. Ақ халатты киіп врач боламын, осы елге жәрдем беремін дегеннен кейін, ол менің міндетім. Оған біреуге осындай мен жасадым деп айтуға болмады. Осы білгенімді осы жетістігімді басқа елге қалдырсам, артымда із қалса екен.
Академик 2007 жылы туған жерге қызмет етуге оралды. Сөйтіп, аймақтағы алғашқы кардиохирургия орталығын ашты. Бүгінде оның 20-ға жуық шәкірті ғалым ретінде аты шыққан. Жүзге жуығы республиканың әр аймағындағы белді медициналық орталықтарда қызмет етуде.
Зафар Розбаев, кардиохирург:
- Жұмысқа келген күннен бастап, біздің кардиохирургия саласындағы маман болып қалыптасуымызға тікелей себебін тигізген. Дәрістерінен өзінің әлі күнге үйреткен сабақтарынан бөлек бізді осы орталықтың мынау қазіргі таңда жоғарғы деңгейде болуын, яғни мынау заманауи деңгейдегі клиника болуын қалыптастыру үшін шетелдерге оқуға көп жіберіп отырды.
Сейітхан Жошыбаев әлі күнге күрделі операцияларға қатысады. Онысы сан жылғы тәжірибесін жастармен бөлісуі. Өзі ашқан орталықта жылына 250 операция жасалып, 1000 адам ем алады. Науқастардың ең егдесі 90 жасқа келген қария болса, ең кішісі 2-3 күндік шақалақ сәби.
Ұлжан Хубиева, Меркі ауданының тұрғыны:
- Неше түрлі қиын ақаулармен қиын порогтармен жақсы болып шығып кетіп жатыр үйлеріне. Қазір операциядан кейін баламның жағдайы жақсарды. Салмақ қосып дамуы жақсы болып келе жатыр. Осындай мықты мамандарды тәрбиелеп шығарғанына Сейітхан Жошыбаев атамызға рақмет айтамын.
Ктм: 85 жасқа келген дәрігер білгенімен бөлісуді жалғастыра бермек. Биыл дәрігерлерді дайындайтын халықаралық академия ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін оқу ғимаратын да даярлап қойған. Аймақта ақ халаттыларды оқытатын жоғары оқу ордасының жоқтығын ескерсек, бұл өте маңызды бастама болмақ.
Мерей Бает Бақытжан Бапаев Елдар Байділдә