Өскеменде аурухананы жөндеуге ₸1,5 млрд бөлінді

Өскемендегі №1 аурухана 40 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген, деп хабарлайды 24KZ.

Емдеу мекемесі жылына 15-20 мың науқасты қабылдайды. Биыл ғимаратты қайта жаңғырту үшін 1,5 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында аурухананың қабылдау бөлімі кеңейтіліп, желдеткіш жүйесі мен құрал-жабдығы ауыстырылады.  

Өскемендегі нөмірі бірінші аурухана ғимараты сын көтермейді. Құрал-жабдығының 80% тозған. Операция бөлмелері мен палаталарға 80-ші жылдардан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Дәрігерлер желдеткіш жүйесі жоқ ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр. Күндізгі станционарда науқастарға жағдай жасалмаған.

Емдеу мекемесінің рентген және томограф құралдары жиі бұзылады. Мұндайда дәрігерлер науқастың сырқат белгілеріне қарап, диагноз қоюға мәжбүр.

Нұржан Мұқажанов, №1 аурухананың бас дәрігері:

- Аурухана жабдығының басым бөлігі тозған. Айталық, кейбір медициналық қызмет көрсетуде қолданылатын құралдардың 88% жаңалауды қажет етеді.

Жауаптылар аурухана ғимаратын толық жаңғыртып, құрал-жабдығын жаңалау үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінетінін айтты. Тағы бір қуантарлығы, жөндеу жұмыстарын бір жылдың ішінде аяқтау жоспарда.

Төлеген Жігітаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жобалық-сметалық құжаты дайын. Аурухананы қайта жаңғырту жұмысын кезең-кезеңімен жасауды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен желдету жүйесі мен инженерлік желілері ауыстырылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы емдеу мекемелерінің 57%-і жөндеуді қажет етеді. Қолданыстағы 4 мыңнан астам аурухана мен дәрігерлік амбулатория өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Соның 2 мыңға жуығы тозған. Мемлекет басшысы проблеманы шешу мақсатында өңірлерде 20 көпбейінді аурухана салуды тапсырды. Үкімет бұл іске жеке инвесторлар тартуды көздеп отыр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.