«Бір күндік клиника» жобасы әр өңірде іске қосылмақ
Елімізде «Бір күндік клиникалар» іске қосылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жыл соңына дейін барлық аймақ қамтылады. Пилоттық жоба мақсаты – әйелді жүктіліктің 10-ныншы аптасына дейін есепке алу, тиісті скринингтік ультрадыбыстық зерттеу жүргізу, хромосомалық ауытқуларға тексеру үшін қан алу, т.б. маңызды амалдарды бір күн ішінде әрі тегін жүргізу. Осылайша, ықтимал патологияларды ерте кезеңде анықтау көзделеді.
Евгения Чеботаревская мен Мария Федорова даун синдромы бар балаларды тәрбиелеп отыр. Тағдырлас жандардың бас қосып, бір арнаға тоғысуы бекер емес. Олар ашқан қоғамдық қор ерекше балғындарға оңалту қызметін көрсетеді. Бұл өте маңызды. Себебі даун синдромымен туған балаға күтім қажет.
Евгения Чеботаревская, «Солнечный мир» ҚҚ жетекшісі:
- Ортақ тобымызға қосылған ата-аналарға бірінші «Балаңыздың науқас екенін қашан білдіңіз?» деп сұраймыз. 97%-і бала дүниеге келгеннен кейін ғана білгенін айтады. Оның бәрі скринингтен өткен. Бірақ ешбірінде баладағы генетикалық ақаулық байқалмаған. Менің өзімде де солай болды. Ал менімен бір мезгілде жүкті болған әріптесімде тәуекел болды. Оның қатты уайымдап жүргені есімде. Бірақ дүниеге сау бала әкелді. Ал менің баламда даун синдромы анықталды. Бізге алғашқы скринингтің тиімділігі күмән келтіреді. Ол үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді.
Гендік және хромосомалық ақауы бар балаларды бағу да мемлекет үшін үлкен шығын екенін мамандар мойындап отыр. Сол себепті жүктіліктің 14 аптасына дейін бала денсаулығында қандай да бір кілтипанның бар-жоғын анықтап алу маңызды. Бұған білікті маман ғана емес, нақты нәтиже көрсететін замануи жабдықтар қажет. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті бәріне барынша қолжетімді етуге талпынып жатыр. Қазір мегаполистер мен Ақтөбе, Түркістан облыстарында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске аса бастады. Оны барлық өңірге енгізу көзделеді.
Гүлшара Әбілдинова, ҚР ПІБ МОА-ның дербестендірілген геномдық диагностика зертханасының жетекшісі:
- Бізде қазір хромосомалық ақаулығы бар балалар жиі туып жатыр. Сол себепті медициналық қызметті, зерттеулерді қолжетімді ету үшін бір күндік клиника жобасын бастап жатырмыз. Ұрықты қорғау орталықтарында ашылады. Ол жерде болашақ ана өтуі керек барлық скрининг, зерттеулер бір күнде өткізілетін болады. Ол жерде генетика, цитогенетик дәрігердің бәрі бар. УЗИ супер аппараттардан беріледі. Дәрігерлер «Қазақстан халқына» қоры арқылы қажетті білім алды.
Сондай-ақ арнайы генетикалық регистр әзірленіп жатыр. Ол да өңірлердегі жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Себебі қазір даун синдромы бар балалардың нақты санын ешкім айта алмайды. Мүгедектіктің өзі қосымша ауруына қарай белгіленеді.
Мария Федорова, «Солнечный мир» ҚҚ тең құрылтайшысы:
- Даун синдромы бар балалармен жұмыс істейтін қор ретінде бірнеше мәселені байқаймыз. Жақында балаларға бірінші емес, екінші топтағы мүгедектік беретін болған. Сәйкесінше бұл балаларға мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар азайды. Оларға үнемі көмек керек. Өздерінің дұрыс жүріп тұруы қиын. Демеу керек. Аналарының өзіне тегін жол жүру куәлігі берілмейді.
Орайы келгенде, даун синдромы бар тұлғалардың кәмелеттік жасқа толғанда санаторийлық қызметтен қағылатынын да атап өткен жөн. «Ал шын мәнінде, олар 30-ға келсе де, психоэмоциялық күйі өз жасына сай келмейді», – дейді мамандар. Бұл ретте баланың балабақшаға барар жасын да ұзарту маңызды. Яғни, 5 жаста бақшадан босаған балақай мектепке 9-10 жасында бірақ барады. Ортадағы аралықта бала тек ата-анаға қарап қалады. Мамандар құзырлы министрліктің аталған мәселелерді ескерерінен үмітті.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен, Қанат Махмұтов.