Бүгін – Дүниежүзілік донорлар күні

Қан тапсырған адамның өмірі 5 жылға ұзарады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін – Дүниежүзілік донорлар күні. 

Дені сау, 18 жастан асқан кез келген адам донор бола алады. Процедуралар арасында 2 ай үзіліспен жылына 5 литрге дейін қан тапсыруға болады.

Елде қандай қан тобына сұраныс көп? Донорларға күтім қандай?

Зарина Кәп, тілші:

- Бұл орталыққа күніне 100-150 адам келіп қан тапсырады. Ол қан 24 аурухананы қамтып отыр. Арсен Бегалин бүгін алғаш қан тапсыруға келді. Бұған дейін донорлар жайында естігенімен, бұл жаққа келем деп ойламаған. «Досым ұсыныс айтқаннан кейін келістім», дейді.

Арсен Бегалин, қан доноры:

- Кісілерге біраз жақсылық істеп, мүмкін біреуге керек шығар. Егер сіздің денсаулығыңыз жарап тұрса, қан тапсырған дұрыс. Басқа кісілерге, мүмкін біруелерге керек болатын шығар. Жақсылық істеу керек.

Асылхан Әшімбеков бұл жерге тұрақты түрде келеді. Қан доноры болып жүргеніне 2 жыл. Өзі өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Жұмыста жүрсем де сұранып, уақыт тауып келемін. «Дәрігерлерді де көп күттірмеймін», - дейді өзі.

Асылхан Әшімбеков, қан доноры:

- Қан тапсырған кезде қан тазарады дейді. Және де сол гемоглобинім жоғары. Қан қою болғаннан кейін тапсырған дұрыс. Қан алмасып, тазарып отырады. Денсаулық жағынан бәрі жақсы.

Елде барлық қан тобының қоры бар. Ал сұранысқа ие түрі бірінші және екінші қан тобы. Әрбір компоненттің өзінің сақталу мерзімі болады. Мысалы, тромбоциттер 5-7 күнге дейін сақталса, эритроциттер 42 күн, плазма 3 жылға дейін жарамды. Сол себепті донор қанша көп болғанмен, қан жетпей қалуы мүмкін. «Осыған орай ауруханалардан көп мөлшерде сұраныс түссе, орталыққа тіркелген донарларды шақырамыз», - дейді дәрігерлер.

Әйгерім Сағамбаева, Донор кадрларын жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қан негізі ол дәрі ретінде иә. Адамның адамға ең құнды беретін нәрсесі ол – қан. Оған басқа зат, басқа дәрі шығарылмаған. Сондықтан адам тек адамға науқастардың өмірін сақтап қалу маңызды. Сондықтан қан тапсыру маңызды бүгін, ертең 10 жылдан кейін, 20 жылдан кейін. Өйткені оның орнын алмастыратын ештеңе әлі тапқан жоқ.  

Тұрақты түрде қан тапсыратындардың өмірі шамамен 5 жылға ұзарады. Ал бір рет қан тапсырған жан орта есеппен үш адамның өмірін сақтап қалады.

Авторлары: Зарина Кәп, Арман Акшабаев