Медицина саласында 270 мыңнан астам адам жұмыс істейді
Маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлері күні.
Қазір мұндай маңызды әрі жауапкершілігі мол салада 270 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жуырда Мемлекет басшысы «Денсаулық сақтау мәслелері жөніндегі» заңға қол қойды. Ол мамандардың лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және олардың қоғамдағы маңызды ролін айқындауға бағытталған. Енді әр медицина қызметкерінің құқығы қорғалып, заң және материалдық тұрғыда қолдауға ие болады.
Медет Әшірбаев Астанадағы республикалық медициналық орталығында «Шұғыл медициналық көмек» бөлімшесінің хирург-травматологы. Еңбек жолын аудандық ауруханада бастаған ол, салада 17 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ауыр жарақатпен түскен әрбір адамның өміріне араша түсіп, бар көмегін аямайды. Бастысы, емделушіні ауруынан айықтырып, аяғына нық тұрғызу, дейді дәрігер.
Медет Әшірбаев, хирург-травматолог:
- Алғашқы көмек көрсету болғаннан кейін мен енді миниоперациялар жасаймын. Іріңді жарақаттар, раналарды тігемін, гипс саламын. Екінші воп-дәрігерім ретінде, ЭКГ түсіреді, УЗИ, рентгенге жібереміз дегендей. Бір күнде 35-40 науқас қараймыз.
Ауру жанға батқанда дәрігерді іздейтініміз рас. Еліміздегі ақ халаттылардың тегін көмегін кез келген азамат ала алады. Ол үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруыңыз болуы қажет. Себебі ол амбулаториялық-емханалық, бастапқы медициналық-санитарлық көмектерді және салалық мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық жәрдемді алуға мүмкіндік береді. Дегенмен жүйе қазір барлық қазақстандықты қамтымай отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Хабар арнасының «Ұлттық мүдде» бағдарламасында айтқан еді.
Вице-премьердің сөзінше, қазір 3,5 миллионға жуық адам сақтандырылмаған. Көптеген кәсіпкер мен өзін өзі қамтығандар медициналық сақтандырусыз жұмыс істеп жүр.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Әр адамның жарнасын, оған жұмыс беруші азамат төлейді. Ел тұрғындары да әлеуметтік сақтандыру жүйесіне атсалысуы қажет. Себебі тиісті медициналық көмекті алып отыруы тиіс.
Қазір мемлекет тарапынан медицина қызметкерлерін қолдау шаралары жүзеге асып келеді. Сәуірде Президент «Денсаулық сақтау мәслелері жөніндегі» заңға қол қойды. Ол мамандардың лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және олардың қоғамдағы маңызды рөлін айқындауға бағытталған. Құжатқа сәйкес, медицина қызметкерлерінің тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда өз балалары үшін басым тәртіппен орын алуға құқығы бар. Олар заңсыз араласудан және кәсіби қызметке кедергі келтіруден қорғалады. Мамандарға денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін алғаш рет құрметті атақ пен тиісті сыйақы беріледі. Үшіншіден, медицина өкілдері артық есептілік пен ақпарат беруден босатылады. Сондай-ақ ауылдық жерге кемінде 5 жылға жұмыс істеуге келген қызметкер, аса тапшы мамандықтар үшін ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады.
«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң
1 . Медицина қызметкерлерінің балалары басым тәртіппен мектепке дейінгі ұйымдарда орын алады
2 . Заңсыз араласудан және кәсіби қызметке кедергі келтіруден қорғау, мамандыққа құрметпен қарау
3 . Мемлекеттік награда – “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” құрметті атағын тағайындау, оған 1000 АЕК көлемінде материалдық сыйақы беріледі
4 . Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган артық есептілік пен ақпарат беруден босатылады
5 . Ауылдық жерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төленеді.
Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл заң арнайы медициналық қызметкерлерге қатысты қабылданып отыр. Бұрын олар өз проблемасымен өздері күресетін. Ал енді медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға, заң және материалдық тұрғыда қолдауға, сондай-ақ олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ден қойылып отыр. Сондықтан бұл құжаттың маңызы өте зор.
Қазір елімізде осы маңызды әрі жауапкершілігі мол салада еңбек ететін медицина қызметкерлерінің саны 270 мыңнан асады. Жыл сайын 8 мыңға жуық маман даярланады. Жалпы медицина саласын ілгерілету мақсатында қазір жоғары оқу орындары жанынан көпсалалы университеттік ауруханалар мен клиникалар құру, сондай-ақ резидентураға гранттар санын ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде республика бойынша 8 медициналық университет, 7 медициналық факультет және 17 ғылыми-зерттеу институты мен орталығы бар.
Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев