Паркинсон ауруы жастарда жиі кездесетін болып барады

Паркинсон ауруы «жасарып» барады.

Невролог дәрігерлер осылай дейді. Мидағы жүйке талшықтарының қызметі бұзылғанда адам осындай кеселге ұшырайды. Ауру көбіне қарт кісілерде жиі кездеседі. Алайда, қазір жастар да шалдығып жатыр. Бұған не себеп?

Динара Әлжанова тәжірибелі невролог. Динара Әлжанова жоғары санаттағы невролог дәрігер. Кәсіби маман алдына келген әр адамға бір сағаттай уақытын арнайды. Себебі оған жүйке жүйесінің түрлі аурулары бар жандар келеді. Дәрігер соңғы жылдары неврологиялық аурулардың көбейіп кеткенін айтады. Әсіресе Паркинсон дерті жастар арасында кездесе бастаған. Жалпы мұндай аурулардың алдын алуға болады дейді.

Динара Әлжанова, невролог, медицина ғылымдарының кандидаты:

- Жалпы неврологиялық аурулардың алдын алуға болады. Ол үшін дене қозғалысы өте маңызды. Денесін үнемі шынықтырып жүретін жан инсульттің де, Альцгеймер ауруы мен Паркинсон ауруының да алдын алады. Фаст-фуд пен түрлі энергетикалық сусындардан аулақ болған жөн.

Жалпы Паркинсон ауруы әлем бойынша Альцгеймерден кейін ең көп тараған неврологиялық ауру болып есептеледі. Нақты себебін табу өте қиын, дейді мамандар. Себебін қойып аурудың өзі асқынып, нақты симптомдары шыға бастаған кезде ғана анықталады. Бірақ бүгінде елімізде жүйке жүйесі ауруларын ерте анықтау мен емдеу едәуір дамыған. Маман да арнайы ем-дом жасайтын клиникалар да көбейе бастаған.

Перизат Айтбаева, невролог дәрігер:

- Енді қазір неврологиялық аурулар негізі бұрынғымен салыстырған кезде қазір жасарып жатыр. Сол жаңағы ең көп кездесетін дегенаривиті аурулардың өзі қазір жас балаларда тоже кездеседі, но көбінесе жас аралығы 30-40 жас шамасындағы ер кісілерде де әйел кісілерде де бола береді. Біз қазір негізі акцентті ауру сезіміне қойып жатырмыз. Яғни дүние жүзі бойынша 80% адамда ауру сезімі болады. Сол ауру сеземімен жүретін барлық неврологиялық ауруларды емдеуге барымызды салып жүрміз.

Неврологтар адам паркинсон ауруынан түбегейлі айығып кете алмайтынын айтады. Алайда бұл ауру өлімге әкелмейді. Тек мұндай дерттің алдын алу әр адамның өзіне байланысты. Яғни адам салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті ас-ауқатына көңіл бөлсе дені сау болады.

Айнұр Қуатқызы, Гүлім Қасымқызы, Ерлан Наурызбаев