Сенат депутаты: Балалардың бет-жақ кемістігін жою бағдарламасы қажет

Жыл сайын елімізде бет-жақ кемістігі бар мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Осындай статистикаға алаңдаған Сенат депутаты Жанна Асанова арнайы сауықтыру жүйесін құру қажеттігін айтты, деп хабарлайды 24kz.

Себебі елімізде қосымша пластикалық операция мен оңалтуды қарастыратын бағдарлама жоқ.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жыл сайын Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада бет-жағының әртүрлі патологиясы бар 20 сәбиге операция жасалады. Мәселен жырық ерін немесе жырық таңдаймен туған бөбек орта есеппен 5-7 рет пышаққа түседі. «Алайда кемістікті толықтай жоюда бұның өзі аздық етеді», - дейді хирург Владимир Дырда.

Владимир Дырда, Х.Ж.Мақажанов атындағы аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Емдеу ісі кешенді болу керек. Хирургиялық жолмен жырық таңдайды қосқанымен, баламен әрі қарай жұмыс істелуі қажет. Яғни бұл жерде логопед, ортодонт мамандар жұмылады. Көп жағдайда балалардың бет-жағы қисық бітіп, тісі дұрыс қалыптаспайды. Сондықтан міндетті түрде ортодонт мамандарға жүгіну керек.

Бет-жағының мүкістігін жою мақсатында ота сәби туа сала алғашқы айларда жасалады. Ол мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі. Ал одан кейінгі пластикалық, ортодонттық хирургияға ақы төлеп, жүгіну қажет. Себебі мұндай медициналық қызмет тегін мемлекеттік бағдарламаның тізімінде жоқ.

Владимир Дырда, Х.Мақажанов атындағы аурухананың бет-жақ хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Негізі арнайы түзету орталығы қажет. Мұндай орталықта бет-жақ сүйегінің отасын жасайтын хирург, пластикалық хирург, ортодонт, логопед, психологтар кешенді қызмет көрсетер еді. Сонда баланың оңалуы біршама тез әрі жеңіл өтер еді.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қаржылық жағдайы нашар немесе орта дәрежедегі отбасыларға, мысалы, олардың жағдайына сәйкес келмейді. Себебі ондай балалар кем дегенде 3-4 рет логопедпен жұмыс жасау керек. Ол 20 мың теңге айналасында. 4 аптаға көбейтсек, бір орта айлық жалақы шығады.

Жасыратыны жоқ, пластикалық тіс-жақ хирургтары мен логопедтің қызметі қымбатқа бағаланады. Екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Ал есі кіріп қалған соң бала өзінің кемістігі үшін қысылып, психологиялық күйзеліске ұшырауы бек мүмкін. «Сондықтан мамандар «емдеу шараларын уақыт оздырмай жүргізген абзал», - дейді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мұндай балдырғандарды оңалту мәселесі өте өзекті. Қазір біз оңалту орталықтарын салу жөнінде «Самрұқ-Қазына Трастпен» келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте белгілі бір патологияны емдеп қана қоймай, өзге де кешенді медициналық қызмет көрсету маңызды. Осындай орталықтардың әр аймақта, әр қалада құрылғаны абзал.

Бет-жағы дұрыс бітпеген балаларды емдеп-оңалтуға талай уақыт жұмсалып, күш-қуат сарп етіледі. Осы ретте сенаторлар кешенді сауықтыру жүйесін құруды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, бұны мемлекеттік субсидия, грант және қайырымдылық қорларының есебінен іске асыруға болады.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Марина Золоторёва, Жандос Битабаров