Комаға түскен сарбаз: оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды

Айта кетейік, комаға түскен сарбаздың анасы Президентке әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жариялаған болатын.

Бейнежазба авторы әскерде жүрген ұлының кіші сержант тарапынан ауыр соққы алғанын айтқан. Салдарынан ол өзін жайсыз сезініп, күні бойы қайта-қайта лоқси берген. Қазір жәбірленуші Алматыдағы әскери клиникалық госпитальдің жансақтау бөлімінде жатыр. Сарбаз жасанды тыныс алу аппаратына қосылды.

Алматы

Болат Тасбаев, ҚР ҚМ Әскери клиникалық госпиталінің жетекші терапевті:

- Бүгін 14:00 шамасында Қордай ауданының ауруханасына мерзімді әскери қызметшісі санитарлық авиация арқылы жеткізілді. Қазіргі таңда әскери қызметші жансақтау бөліміне жатқызылды, жағдайы ауыр. Бүкіл медициналық көмек тиісті медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер толықтай қамтамасыз етілген.

Бұл жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин де пікір білдірді. Оның айтуынша, сарбаздың өкпесі қабынып, екіжақты полисегментті пневмония бары анықталған. Бірақ денесінен соққы іздері табылмапты. Десек те, оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Емдеу мекемесіне түскен кезде сарбаздың денесінен зақымданған немесе көгерген белгілер табылған жоқ. Мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты келісім-шарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР Ішкі істер министрлігі әскери тергеу басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тексеріс жүргізілу үстінде.