Күнге көп қыздырыну қатерлі ісік тудырады
Суға шомылып, жағажайда күнге қыздырынған жақсы, әрине. Бірақ ауру тауып алмаңыз. Күнге көп қыздырыну теріге әсер етіп, тіпті қатерлі ісік тудыруы мүмкін.
Жазда күнге қыздырынсаңыз, қыста ауырмайсыз, ағзаңыз дәруменге толады дегенді естіп жатамыз. Алайда пайдасы көп күннің де зияны бар. Мамандардың айтуынша, күн көзінде шамадан тыс қыздырыну тері ауруларына әкеп соғуы мүмкін. Қатерлі ісікке дейін асқынып кетуі де ғажап емес.
Әнет Бейбіт, Көпсалалы хирургия орталығының реконструкциялық және пластикалық хирургия секторының онколог, хирург, дерматологы:
- Күн астында ұзақ уақыт жүру салдарынан бізде әртүрлі тері аурулары пайда болады. Ең қарапайым түрі – фотодерматит күн сәулесінен пайда болатын ауру. Бұл ауру бізде көбінде бетке, мойынға және аяқ-қолдарға шығады. Бұл ауру арнайы мамандардың көмегімен емделеді. Күн сәулесінің астында көп жүру, шамадан тыс көп жүру, денені қыздыру осы тері обырына да әкеп соғуы мүмкін. Тері обырының негізгі 3 түріне меланома, карцинома, базалиома жатады.
Күн көзі тек тері обырын тудырып қана қоймайды. Ол теріні құрғатады, ерте қартаюға әкеледі, небір дақтар пайда болуы мүмкін.
Әнет Бейбіт, Көпсалалы хирургия орталығының реконструкциялық және пластикалық хирургия секторының онколог, хирург, дерматологы:
- Біздің орталыққа көбіне базалиома ауруымен келетін науқастар өте көп. Бұл ауру күн сәулесі астында ұзақ жылдар бойы жүргенде пайда болады. Ең маңызды ереже – сағат 11 мен 3-тің арасында, күн ең белсенді болған уақытта спортпен айналыспау, ауыр физикалық жұмыс жасамау. Сондай-ақ өзен-көлдерге шомылуға болмайды.
Мамандардың айтуынша, зияны көп екен деп күн көрмей кетпеу қажет. Мұнымен қатар пайдасы да бар. Тек шамадан тыс күнге қыздырынуға болмайды.
Назгүл Жантемірова, ІІ санатты онколог-хирург:
- Ультракүлгін сәуленің әсерінен терідегі зат алмасу, қан айналымы жақсарады. Минералды заттардың алмасуын қалыптастыратын «Д» дәрумені көбейіп, сынғыш сүйектің жетілуіне, қажетті дәруменді сіңіруге себеп болады. Бірақ белгілі бір уақытта күн көзі өткір емес уақытта жүрген дұрыс.
Қазір күннен қорғайтын жақпа майлардың түр-түрі шыққан. Бірінің пайдасы көп дегенмен, бірінің зияны болуы мүмкін.
Назгүл Жантемірова, ІІ санатты онколог-хирург:
- Күннен қорғайтын жақпа майлардың пайдасы бар. Қорғау коэфициенті 50 жақпа майды терінің қалқаны десе де болады. Бірақ оның құрамын толық тексеріп, теріңізге сәйкес келетін түрін қолданған жөн. Сонда кері әсер тудармайды.
Аққұба өңді адамдарда күйіктен сақтайтын табиғи қорғаныс аз. Олар үшін күннің қатерлі ісікке әкеп соғу мүмкіндігі терісі қараторы адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ денесінде мең, пигменттік дақтар көп адамдарда тері қатерлі ісігіне шалдығу қаупі бар.
Авторлары: Зарина Кәп, Абдулхамит Булекбаев.