«Аңсаған сәби»: 7 мың отбасы бала сүйді

Бірнеше жылдағы отандық репродуктологиялық медицинаның жетістіктері қуантады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әсіресе экстракорпоральді ұрықтандыру тәжірибемізді үйренуге шет мемлекеттер қызығушылық танытып отыр. "Аңсаған сәби" бағдарламасының нәтижесі мыңдаған отбасына бала сүю бақытын сыйлады. Оған жыл сайын 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жасанды жолмен ұрықтандырудың нарықтағы құны орта есеппен 1 жарым млн теңгені құрайды. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында бұл шара тегін жүргізіледі.

Динара Бекетаеваға осыдан бірнеше жыл бұрын ана атану арман еді. Қазір сол арманы орындалды. 2022 жылы экстракорпоральды ұрықтандыру әдісіне үміт артып, тәуекелге бел байлайды. «Кезекті қаншалықты ұзақ күтеді екем? » деп тағы алаңдайды. Алайда небәрі 4 айдың ішінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ем-шараны бастаған. Нәтижесі міне, кішкентай қызы Зерені құшағына алып отыр.

Динара Бекетаева, жас ана:
- Эко-дан мен бастапқы кезде өте қатты қорықтым. Ұзақ жүріп қалдым. Содан әйтеуір басқа амалымыз болмағаннан кейін алғаш осы экомед центрға келдік 2020 жылы. Дәрігеріміз Алмас Құрманәліұлына және де эко-ны Қазақстанға алғаш рет әкелген Салтанат Берденқызына үлкен алғысымызды білдіреміз. Қазір бізге беріліп тұрған мүмкіндік өте көп бұл эко арқылы.

Бұған дейін экстракорпоральды ұрықтандыру әдісіне жүгінген әйелдер үшін жылына 1 мың квота ғана беріліп келді. Кезекті 7 жылға дейін күтуге тура келетін. Кейінгі 3 жылдан бері квота саны 7 есеге ұлғайтылды.

Ислам Ерғалиев, репродуктолог-дәрігер:
- Күніне бірнеше рет осындай хабарды біз айтып жатырмыз. Бізге айтады ХГЧ деңгейі оң болып тұр деп. Біз жүкті екенін хабарлаймыз. Сосын 1 аптадан кейін ультрадыбыстық зерттеуге келіп, қарап көрсетеді. Кейде сенбей қалады.  Сосын тағы біраз уақыттан кейін келіп, баланың жүрегін тыңдаған кезде, әрине, жылап қалады. Мысалы аман-есен уақытын жеткізіп, дені сау баланы алып, сосын бізге келіп айтады мінекей сол бала деп. Бала біздікі деп.

 «Аңсаған сәби» бағдарламасы «бедеулік» диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Қатысушы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек.

Ләйлә Сұлтанқызы, «Mariyam» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрайымы:
- «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасына ілінген әрбір ата-ана бір ғана өтінішім - үлкен дайындықпен келсе екен. Эмбрион тасымалы ол ең соңғы этап. Оған дейін қант диабеті, семіздік сияқты аурулар болуы мүмкін.  Солардың барлығын емдеп, үлкен дайындықпен келсе, әрине, мүмкіндік еселене түседі бірден сәбилі болуға.

Жас отбасы балалы болуды жоспарлаған кезеңнен бастап 1 жыл көлемінде нәтиже болмаса, дәрігерге қаралғаны абзал. Тәжірибелі репродуктолог Салтанат Байқошқарова осылай дейді. Әйел денсаулығына қатысты қандай да бір кінәрат анықталса, дер кезінде ем-шара қабылдап, дерттің алдын алуға болады.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі:
- Негізі бедеулік ол жасқа байланысты емес. Ол 20 жаста да кездесуі мүмкін, тіпті 18 жаста да кездесуі мүмкін. Ерте үйленетін жұптар бар ғой. Жаратушының өзінің заңы бар адамға берілген. Негізі балалы болатын шақ ол шамамен 30-35 жасқа дейін болуы керек. Ол өкінішке орай қазір жастардың арасында әлеуметтік бедеулікті қолдан жасап жүрген жастар бар. Уақытында үйленбейді, уақытында қаралмайды. Қазір мансап қуады, оқу қуады, мына әдемі өмірді қуады жалт-жұлт еткен, сөйтіп уақытын өткізіп алады. Мен оларға  40 жаста өте кеш болады деп айтамын.

Дәрігерлер бедеулік еліміздегі әрбір алтыншы отбасында кездесетінін өкінішпен айтады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы мыңдаған жанұяның перзент сүюіне зор үміт сыйлап келеді. Қуантатыны, бұл жобаны іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылды.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі:
- Бұл бағдарламаны бастамас бұрын, әрине, біздің көптеген әріптестеріміз осы мәселені көтеріп жүрді. Солардың ішінде өзіміздің қауымдастық бар. Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығы, оның басшысы профессор Лакшин, ол кісі де осы мәселені көп көтерді. Нәтижесінде енді еліміздің Президенті осы мәселеге қатты назар аударып, Денсаулық сақтау министрлігіне осындай тапсырма беріп, осы жұмысты біз іске асырып жатырмыз. Бұл бағдарлама керек.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен сол жылдан бастап экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны жылына 7 мыңға дейін көбейтілді. Нәтижесінде 3 жыл ішінде 8 мыңға жуық әйел жүктілік бойынша есепке алынды. Қазір 7 мыңнан астам отбасы сәбилі болды.

Авторлары: Рухани Асқар, Жарқын Өрден, Абдулхамит Бөлекбаев