Репродуктивті медицинадағы озық әдіс
Жапониядан келген ғалым Кеничиро Хираока қазақстандық эмбриологтарға инновациялық әдісті үйретуде.
Жасанды ұрықтандыру саласындағы ең соңғы заманауи Piezo-ICSI (пиезо икси) әдісі жүкті болу мүмкіндігін арттырып, дені сау балалардың дүниеге келуіне ықпал етеді, дейді мамандар. Ғылыми түрде дәлелденіп, жасанды ұрықтандырудың нәтижелілігін арттырған технология Жапонияда 2010 жылдан бері қолданылады. Ал Қазақстанда жаңа әдіс алғаш рет былтыр Ecomed клиникалар желісінде және Халықаралық репродукция орталығында енгізілген болатын. Бүгінде елде 100-ден астам әйел осы әдіс арқылы жүкті болып, оң нәтижесін көрсетті. Жапондық ғалым жаңа әдісті одан әрі жетілдіру жолдарымен бөлісуде.
Салтанат Байқошқарова, «Экомед» клиникалар тобының ғылыми директоры:
- Piezo-ICSI-ға мен өзім көзімді жеткіздім. Бұл технологияны енгізу керек, өйткені әрбір келген отбасы бірден нәтиже алып кеткісі келеді. 100 пайыз нәтиже алу мүмкін емес әрине. Өйткені табиғаттың өзінің жазғаны бар. Осы әдістерді дұрыс қолдана білсек, нәтижелілікті жоғарылатады, аналық ұрық зақымдану мүмкіндігі өте төмен. Және болашақта дені сау бала тууға тағы да бір үлкен қадам деп айтуға болады.