Дәрі-дәрмекті таңбалау. Министрлік олай, фармацевтер былай дейді

Бүгіннен бастап елімізде дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың алғашқы кезеңі енгізілді.

Бұл талап отандық өнімге де, шетелден жеткізілген тауарға да байланысты. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары сол арқылы нарықтағы бағаны бақылау және заңсыз сауданың жолын кесу оңайға түседі деп отыр. Алайда фармацевтердің айтары басқа. Олар саладағы өзгерістен соң дәрі-дәрмек күрт қымбаттап, шағын дәріханалар банкрот болуы мүмкін екенін жеткізді.

Былтыр Қазақстанға импортталған фармацевтикалық өнімдердің жалпы құны 1,8 млрд доллар болды. Оның ішінде дәрілік заттардың 6 мың түрі бар. Отандық дәріханалар тауарлардың көбін ТМД елдерінен және Германия, Италия, АҚШ-тан сатып алады. Дегенмен ресми статистикада импорт көлемі тұтас қамтылмай қалып жатыр, дейді сарапшы.

Айдана Асылбекова, ҚР ДСМ фармацевтикалық бақылау басқармасының бас сарапшысы:

- Өйткені салада көлеңкелі бизнес күшейді. Елімізде кейбір дәрілік заттар заңсыз сатылып жатыр. Олардың тіркеу куәлігі жоқ. Ондай жағдайда нарықты бақылау қиынға соғады. Ал әрбір препараттың цифрлық таңбасы болса, біз елде қандай фармацевтикалық өнімдер сатылып жатқанын анық көре аламыз және заңсыз сауданың жолын кесеміз.

Елордаға жиналған фармацевтер саладағы жаңа талап тиімсіз екенін алға тартты. Айтуларынша, өнімдерді цифрлық таңбалау дәріхана иелерін шаш-етектен шығынға батырғалы тұр.

Талғат Омаров, тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы:

- Біздің қауымдастығымызға кіретін 3 мың дәріхананың 70 пайызынан көбі дайын емес. Егер шығынға ұшыраса, сол шығынды не істейміз, біз өзімізге аламыз ба деген мемлекеттің ойы туындауы керек болатын. Неге олар компьютерімізді есептемейді, неге программамен қамтуды есептемейді? Басқа да шығындар толып жатыр. Тағы да жұмыскерлер алуымыз керек. Оны неге санамайды?

Кәсіпкерлер цифрлық таңбалауға кететін шығынды тұтынушылардың есебінен өтеуге мәжбүр болатынын жеткізді. Яғни дәрілік заттар қымбаттайды.

Елена Чернобель, кәсіпкер:

- Біз цифрлық таңбалаумен келіспейміз, өйткені мұның соңы дәрілік заттардың қымбаттауына апарып соғады. Министрлік нарықтағы баға 4-5 пайызға өскенін айтып отыр. Шын мәнінде олай емес. Қазірдің өзінде тауарлар 50 пайызға қымбат келіп жатыр.

Әрбір препаратты таңбалау үшін дәріхана мен қоймаға қосымша қызметкер тарту қажет. Бұл тұста шағын дәріханалардың әлеуеті жете қоймайды. Соның салдарынан банкрот болуы мүмкін, дейді кәсіпкерлер.

Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқын, 24.KZ