Қызылорда облысында 11 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр
Бас ауырып, балтыр сыздаса қағатын есігіміз – емхана. Отандық медицинасы саласының қарқыны жаман емес. Бұрынғыдай ем-дом іздеп шекара асып, шетелге жүгіретін емес, деп хабарлайды 24kz.
Мамандардың да біліктілігі артып, заманауи технологияларды терең меңгере бастады. Жыл сайын жаңа нысандар бой көтереді. Екі жылда тағы 655 жаңа медициналық мекеме салу жоспарда бар. Халықты сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекпен қамту да басты назарда. Ол үшін оларды таңбалау және қадағалау жүйесі іске қосылады. Бұл дәрі-дәрмек өндіру нарығын, шетелден әкелуді, сатуды толық бақылауға, сондай-ақ контрафактілік препараттармен күресуге мүмкіндік береді.
Десе де, Қызылорда облысында 120 медицина маманының орны бос тұр. «Бұл мәселе алдағы төрт жылда шешіледі», - дейді жауаптылар. Жыл сайын облыстық бюджеттен 30 грант бөлінеді. Одан бөлек, шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің сапасын арттыру шаралары жалғасуда. Биыл бірнеше медициналық мекеме заманауи құрылғылармен жабдықталып жатыр. Сондай-ақ бірнеше ауылда жаңа амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Облыс орталығынан төрт жүз шақырым шалғай жатқан Қазалы ауданының тұрғындары сапалы компьютерлік томография құрылғысы үшін Қызылорда, Астана, Алматы қалаларына ат сабылтатын. Енді бұл мәселе де шешімін тапты. Ең бастысы – қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік туып отыр.
Ғалымжан Тәжібаев, рентген бөлімінің меңгерушісі:
- Күніне сексеннен жоғары адам түсіруге болады, тоқтамастан. Кезек күтпейтін науқастар келді, түсірді, кетті. Жиырма төрт сағат бойы ауруханада жұмыс істейді аппарат. Түнгі ауысымда лаборанттар бар. Түнде келген науқастарды түнде түсіреді. Қызылорда бойынша Қармақшы ауданы, Арал ауданының бәрін қамтамасыз етеміз. Сосын жергілікті аудандық аурухананың науқастарын анықтаймыз.
Ал шалғайдағы ауылдарға соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешен барады. Оның ішіне магнитті резонансты томография, ультрдабыстық зерттеу және сүтбезі асқынуларын анықтауға арналған аппараттар бар. «Мұндай кешен әзірге еліміз бойынша үш өңірде ғана бар», - дейді мамандар.
Айдос Құлмағанбетов, онкохирург:
- Үш айдың ішінде Арал, Қазалы, Байқоңыр қаласын алатын болсақ, томосинтезі бар маммографиялық аппаратпен 1051 адам өткізіп, оның 346-сы сақтандырылмаған науқастарды анықтап, оның ішінен 19 науқас бірінші сатысымен ерте анықтадық. Екіншісі ультрадыбыстық УЗИ аппараты арқылы қатерлі ісікке күмәні бар адамдардың 50 науқастың ішінен 12 науқасын бірінші сатысымен анықтадық.
Шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету бағытындағы шаралар жалғасады. Бұл ретте өңірдегі төрт аудандық аурухана жаңа компьютерлік томография құрылғысымен жабдықталады. Сонымен қатар осы құрылғылармен жұмыс істейтін дәрігерлер даярланады.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Былтыр біз отыз түлекке резидентураға арнайы грант бердік. Бізге тар буынды мамандарды дайындауға. Бүгінгі таңда 120 маманға қажеттілігіміз бар облыста. Былтыр отызына бердік, биыл да отыз грантты бөлуді жоспарлап отырмыз. Ол аса қажетті бізге керек неонатолог, реаниматолог мамандары.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде өткен жылы 16 медициналық нысан қолданысқа берілді. Биыл 11 елді мекеннің дәрігерлік амбулаториясы жаңадан салынып жатыр. Биыл қан орталығының да жаңа ғимаратын іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 300 орынды көпбейінді аурухана мен емхананың құрылысы аяқталуға жақын.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин