Үштөбе қаласындағы аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Жетісу облысы, Үштөбе қаласындағы аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Күніне 500 науқасты қабылдайтын медициналық мекемені жаңғыртуға бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. Нысан былтыр қолданысқа берілуі тиіс еді, алайда жұмыс сапасыз атқарылып, мердігер мерзімінен кешіктірді. Енді жаңа бригада кемшіліктерді түзеп, биыл кестеге сәйкес тапсыруы керек. Сенаторлар Сұлтан Дүйсембинов пен Ғалиасқар Сарыбаев жөндеу барысын көрді. Сондай-ақ Қаратал ауданындағы бірқатар нысанды аралады. Атап айтқанда, Үштөбедегі мұнай өңдеу зауыты құрылысымен танысты. Сенаторлар барлық құрылыс нысаны бақылауда болатынын айтты.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сенат депутаттары осы әлеуметтік салада салынып жатқан бүкіл құрылыстарды, күрделі жөндеулерді бақылауда ұстаймыз. Себебі, осы жердегі тұрғылықты азаматтардың қолы жоғары жаққа жете жатпайды. Содан кейін мына салып жатқан азаматтардың барлығы басқа қалаларда тұрады. Ұтып алады да, содан кейін осындай жағдайларға келіп жатады. Сондайға жол бермеу үшін біз өзіміздің бақылауымызға аламыз.