Оңалту орталығының сапасы оңбай тұр
Түркістан облысындағы Ораңғайдағы оңалту орталығының сапасы сын көтермейді.
Құрылысы созылып, бассейн, сауна, спорт залы әлі күнге дейін дайын емес. Түркістан облысына барған Мәжіліс депутаттары Сауран ауданындағы ғимараттың дайындығын көріп, осындай пікір білдірді.
Жоба бойынша, мұнда бір мезетте 200 адам қажетті ем қабылдап, оңалту шараларымен қамтылуы керек. Алайда құрылысы өткен жылы аяқталуы тиіс ғимарат әлі күнге дейін тапсырылмай отыр. Жауапты мердігер осы айдың соңына дейін кемшіліктерді жойып, тапсыруға уәде берді.
Депутаттар мүгедектігі бар ересек азаматтарға арналған оңалту орталығының құрылысын бақылау «Аманат» партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілгенін ескертті. Жобалық құны 2,5 млрд теңге болатын орталықтың құрылысына халық қалаулылары қанғаттанбады.
Қайрат Балабиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Қабылдардың алдында тағы да бір тексереміз, көреміз. Әзірге кемшіліктер көп. Кемшіліктердің бәрін жою жөніннен қазір тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасына ескерту жасадық. Осындағы «Аманат» партиясына ұсыныстарымызды айттық. Мекеме басшысына да бұл нысанды әзірге қабылдамай тұрыңыздар, бәрін жан-жақты тексеріп барып, сапалы қабылдап алыңыздар деп тапсырма бердік.