Елде семіздікке шалдыққандар көбейген

Жер бетінде әр төртінші тұрғын семіздікке шалдыққан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, кейінгі 36 жылда артық салмақ қосқандардың үлесі екі есе көбейген. Бұл статистикадағы семіздіктен зардап шегетіндер қатарында Қазақстан халқы да бар. Артық салмақ қаншалықты қауіпті, бұл – дерт пе?

Ел тұрғындарының 20 пайыздан астамы семіздікке шалдыққан. Ересек адам саналатын 15 жастан асқан азаматтар арасында орта есеппен 29,7 пайыз әйел мен 33,9 пайыз ер адам артық салмақ қосқан. Ал 25,8 пайыз әйел мен 15,3 пайыз еркек тек артық салмақ қана емес, семіздіктен зардап шегеді. Бұл – елдегі ересек адамдардың тең жартысы артық салмақ қосып, семіздікке шалдыққан.

Анар Өтегенова, Астана қаласының тұрғыны:

- Артық салмақ психологиялық жағынан ыңғайсыздық туғызды. Яғни гормон өзгергендіктен адамның өзін сезінуі өзгереді және ыңғайсыздықтар пайда бола бастайды. Ал басқа жағынан барлығы шүкір жақсы, тек естуім бойынша, егер артық салмақ өте көп деңгейде жиналатын болса, ол бүкіл организм жұмысына өзінің зардабын, зиянын тигізуі мүмкін.

Астана қаласының тұрғыны Анар Өтегенова кейінгі 4-5 жылдың көлемінде семіздікке ұшырады. Өзінің айтуынша бұған себеп қалқанша без гормоны жұмысының бұзылуы және тамақтану режимін сақтамау. Осының әсерінен артық салмақ айлап, жылдап қосыла берген.

Марал Бүркітбайқызы, нутрициолог:

- Көбінде адамдар сырт келбетін әсемдеу үшін, бір эстетикалық бұзылыс деп біледі. Бірақ семіздіктің артында біздің ағзамызда қандай өзгерістер, қандай бұзылыстар барын көрсететін белгі болып келеді. Яғни тамақтану әдебінің бұзылуы, стресс, әртүрлі препараттар қабылдау, сонымен қоса сырттан түсетін тамақ түріндегі энергияның көп болуы, калориясы көп тамақтарды іше отырып, оны жұмсамау, физикалық белсенділіктің аз болуы, сонымен қоса гормональды дисбаланстар барын білуге болады.

Иә, дәрігер Марал Бүркітбайқызының айтуынша, семіздік түрлі ауруға алып келетін, өмірге қауіпті созылмалы дерт. Дене салмағының қалыпты индексі 18 бен 21 аралығындағы көрсеткіш. Ал одан асса семіздік болып есептеледі. Мамандар артық салмақты белдің өлшеміне қарап та анықтайды. Ол әйелдерде 80, ерлерде 90 см-ден аспауы қажет. Әйтпесе ағзаңызға қауіп.

Марал Бүркітбайқызы, нутрициолог:

- Семіздік тамырлардың маймен бітелуіне және оның жарылуына, қан қысымына байланысты, бұл жерде инфаркт, яғни жүрек-қан тамырларының жарылуы, мысалға ми қан тамырларының тромбпен бітелуі, маймен бітелуі инсультке алып келеді. Соған байланысты жүре алмай қалады, паралич, қол-аяқтары жұмыс істемей қалады. Содан кейін көз ауруларына, буын ауруларына алып келеді.

Елде ересектермен қатар балалар да семіздіктен зардап шегіп жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметі бойынша, елдегі 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызы артық салмақ қосқан. Оның басым бөлігі ұлдар. Сондай-ақ статистика бойынша ауыл балаларына қарағанда қалалықтардың үлесі көбірек.

Мөлдір Молдағали, Диас Қобланбаев, 24.KZ