Шетелдік мамандар Қазақстанның ЭКҰ саласындағы жетістігін талқылады

Қазақстанның эмбриология саласындағы жетістіктері Амстердамда өтіп жатқан Еуропалық репродуктология қоғамының 40-шы Конгресінде талқыға түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер мен медицина менеджерлері «Аңсаған сәби» бағдарламасына қызығушылық танытты.

Жанат Эрнст, тілші:

- Әлемдегі бедеулік мәселелері және репродуктивті технологиялардың қолжетімділігі – Амстердамда өтіп жатқан 40-шы ESHRE конгресінің басты тақырыбы. 130 елден 15 мыңға жуық репродуктолог мамандар өз тәжірибелерімен және соңғы үлгідегі озық ЭКО технологиясымен бөлісіп жатыр.

Елімізде экстракорпоральды ұрықтандыруды қолдануға арналған мемлекеттік квотаны ұлғайтудың арқасында кейінгі 2 жылда мыңдаған отбасы сәби сүйді.  

Әйгерім Әбшекенова, репродуктолог:

- Біз үшін ең басты жетістік, ол қазіргі Қазақстан Республикасында 20 мыңға жуық бала ЭКО арқылы дүниеге келіп жатыр. Оның ең үлкен қадамы, ол Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасы – «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша қазір біз 7 мыңға жуық жыл сайын квота алып жатырмыз. Квота арқылы тегін ЭКО бағдарламасын жасатуға болады. Сондықтан біздерге мүмкіндік келіп, мақсатымыз – өз пациенттерімізге алған білімді, тәжірибені жұмысқа енгізу.

Шұхрат Миталипов, АҚШ-тағы Oregon ұлттық зерттеу орталығының профессоры:

- Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандыру жақсы дамыған. Процедураның өзі және оның тиімділігі әлемдік стандартқа сай. Менің білуімше, арнайы президенттік бағдарлама бойынша пациенттерге Үкіметтен жақсы қолдау көрсетіледі. Өкінішке қарай, мұндай көмек көп елде жоқ. АҚШ-тың өзінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Бағдарлама коммерциялық негізде жұмыс істейді және оған пациенттер өздері төлейді.

Мамандардың айтуынша, бедеулікті барлық басқа аурулар сияқты емдеу керек. Өйткені ол тек баласы жоқ жанұя үшін емес, түбінде ел болашағына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік тұрғыдан қадағаланып отыруы тиіс. «Қазақстанда бұл мәселені жақсы түсінеді», – дейді мамандар.

Ирене Куэвас-Сайз, Испания репродуктивті технологиялар регистрінің басшысы:

- ЭКО бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанына көп уақыт өтпесе де, Қазақстанда репродуктивті медицина өте жақсы дамып келеді. Үкіметтің қолдауының арқасында зертханалар қажетті құралдармен жабдықталып, дәрігерлер жақсы нәтижеге қол жеткізді. Осы қызметті бүкіл ел аумағында көрсетуге мүмкіндік туды.

Микола Грищенко, Украина репродуктивті медицина қауымдастығының вице-президенті:

- Қазақстанда ЭКО-ны мемлекеттік қолдау бағдарламасы көптеген пациенттерді қамтуды көздейді. Бірақ сан емес, емдеудің сапасына көп көңіл бөлінеді. Биыл Украинада да бедеулікті емдеу үшін мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бірақ біз Қазақстанның тәжірибесін зерттеп, үйренуіміз керек.

Конгресте сөз сөйлеген қазақстандық профессор Вячеслав Локшин ЭКО бедеулікті емдеу және туу көрсеткішін реттеу әдісі ғана емес, сонымен қатар баладағы бірқатар хромосомалық және моногенді аурудың алдын алу жолы екенін атап өтті. Ол әріптестерін қараша айында Қазақстанда өтетін Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының конференциясына қатысуға шақырды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.