Қызылорда облысындағы барлық ауылда медициналық мекеме салынады
Мемлекет басшысының «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы
аясында Қызылорда облысында 27 медициналық нысан салу жоспарланса, оның 16-сы былтыр пайдалануға берілді. Қалған 11 амбулаторияның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Емдеу мекемелері ел игілігіне берілгенде өңірдегі барлық елдімекен тұрғындары қолжетімді медициналық қызметпен толық қамтылады.
Ұлттық жоба бойынша дәрігерлік амбулатория алғаш болып Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында салынды. 10 төсектік күндізгі стационары бар нысан 2 мыңнан астам тұрғынға сапалы қызмет көрсетеді.
Жалғасбек Үсенов, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы:
- Аймақ басшысы осы мекемені ашу барысында ғимаратпен бірге зертханалық құралдар толығымен аппараттармен қамтамасыз етілді. Шалғай орналасқан елді мекендеріміз бар. Амангелді ауылына да биохимиялық аппараттар орналастырылды. Жетікөл, Айдарлы ауылының тұрғындары қалаға қарай ұзақ жол сандалмай Амангелді дәрігерлік амбулаториясынан биохимиялық, қан анализдерін тапсырып, қосымша емдерін алып жүр.
Дәл осындай заманауи қондырғылармен жабдықталатын амбулатория қазір Шиелі ауданының 5 ауылында салынып жатыр. Типтік үлгідегі емдеу нысандарын қазан айында іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезде өңірдегі 200-дей елді мекен түгелдей дәрігерлік бекетпен қамтылады.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Амбулаторияларға портативті ультра дыбысты зерттеу қондырғысын алып беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сол кезде ЭКГ, анализатор, портативті УЗИ болса халықтың жан-жаққа шықпай-ақ тиісті медициналық көмекті алу мүмкіншілігі туады. Президентіміздің ұлттық жобасы аясында аймақ басшысының қолдауымен бүгінгі таңда 200 санитарлық автокөлік алуға жұмыс жасап жатырмыз. Оның 50-і биыл берілді. Бұл алынып жатқан санитарлық автокөліктер елді мекендерде жұмыс жасайтын болады.
Ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстау үшін магнитті-резонансты томограф, ангиограф және рентген аппараты бар 7 жылжымалы медициналық кешен үздіксіз елдімекендерді аралап жүреді.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев