Биыл ауылдарда 556 денсаулық сақтау нысаны салынады
Қарағанды облысында салынуы тиіс 78 денсаулық сақтау нысанының үштен бірінде ғана құрылыс жұмыстары басталған, деп хабарлайды 24KZ.
Ал Жетісу облысында жоспардың тек 75% бойынша шарт жасалған. Премьер-министр Олжас Бектенов құрылысы кестеден кешіккен емдеу мекемелері бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы бүгін Үкімет отырысында қаралған еді. Атқарылған іс жайында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова есеп берді. Ол былтыр елде 99 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны ел игілігіне берілгенін тілге тиек етті. Ал биыл 556 медициналық және фельдшерлік пункт, дәрігерлік амбулатория салынады. Қазір 322 нысанның құрылыс жұмыстары басталып, 3 емдеу мекемесі салынып бітті.
Премьер-министр сондай-ақ көпсалалы аудандық ауруханаларды жөндеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Денсаулық сақтау ұйымдарын сапалы жарақтандыру үшін қажетті медициналық жабдықтардың тізбесін қалыптастыру қажет. Ұлттық жобаны іске асыру үшін 60,3 млрд теңге бөлінген, оның 21 млрд теңгеден астамы өңірлерге берілді. Сонымен қатар кейінгі бірер жылда кадр жетіспеген 152 емханаға 656 медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Жалпы салада 1100 маманға қажеттілік бар.