МӘМС: мемлекетке ₸11,8 млн шығын келген

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» жұмысы көңіл көншітпей тұр. Жоғарғы аудиторлық палата бюджеттен бөлінген 50 млрд теңгеден астам қаржының төрттен бірі игерілмегенін анықтады, деп хабарлайды 24KZ.

«Сонымен қатар қор медициналық қызметтердің сапасын бақылауға тиісті назар аудармайды», – дейді тексерушілер. Мәселен, Астанадағы 179 мың адам бекітілген 2 ірі қызмет көрсетушінің арнайы орындары мен медициналық жабдықтары жоқ. Мекеменің жекелеген қызмет түрлеріне лицензиялары және өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды қабылдауға арналған пандустары да болмай шықты.

Жоғары аудиторлық палата медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеу фактілерін анықтады. Ереже бойынша мекемелер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС желісі бойынша қаржыландырылатын көмек түрлері үшін ақы алмауға тиіс. Сонымен қатар стационарлық ем бойынша кемінде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем фактілері анықталған. Тіпті шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілері белгілі болды.

Расул Рахимов, Жоғары аудиторлық палата мүшесі:

- Сонымен қатар бірқатар стоматологиялық қызмет үшін қосарланған төлем фактілері анықталды. Республика бойынша жалпы көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрайды. Стоматологиялық клиникалар көрсетілген қызмет үшін қордан және анестезияға арналған препарат үшін бөлек ақы алып отырған. Ал ол препараттың құны негізінен медициналық қызметтер құнына кіреді. Әлеуметтік сақтандыру қоры бұл фактіні қабылдап отыр. Кейбір жағдайларда қосымша төлем қажет болған болуы мүмкін, бірақ қосарланған төлем фактілері бар екені анық.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 32 млрд теңгеден астам рәсімдік бұзушылықтар, 31 млрд теңгеден астам қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. Нәтижесінде мемлекетке 11,8 млн теңге шығын келген. Сондай-ақ 65 рәсімдік бұзушылық, 154 өзге де бұзушылық және жүйелік кемшілік бары белгілі болды.

«Анықталған бұзушылықтардың едәуір бөлігі цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігіне байланысты. Оның көтерілуі – қордың басты міндеттерінің бірі: осы жылдың ортасында қор пилоттық режимде басынан бері болмаған өзінің ақпараттық төлем жүйесін енгізді, сондай-ақ бұрын медициналық көмек пен қаражатты сапалы талдау және тиімдірек бөлу үшін ситуациялық-талдамалық орталығын іске қосты» – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми мәлімдемесі.

Қор өкілдері қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар қаржылық бұзушылықтар санын азайтуға ықпал еткенін айтады. Нәтижесінде Жоғары аудиторлық палатаның ағымдағы тексеру нәтижелері алдыңғымен салыстырғанда төмендеген. Дегенмен берілген ұсыныстарды орындайтынын мәлімдеді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ернар Нысанбай.