Биыл Павлодар облысында 30 медициналық мекеме салынады
Павлодар облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 медициналық мекеме салынады деп хабарлайды 24kz.
Шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық нысандар пайда болады.
Осылайша, алдағы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласын едәуір жақсартып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету көзделген.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Валентина Дубинина екі жыл бойы ауыл дәрігерлеріне қаралып жүр. Бұрынғыдай облыс орталығына сабылмайды. Жақында жүрегіне операция жасатқан. Туған ауылында сапалы медициналық көмек алып жүргеніне қуанышты.
Валентина Дубинина, Пограничник ауылының тұрғыны:
- Қарттарға өте қолайлы болды. Балалар да тексеруден өтіп жатыр. Бұл ауылдағы медициналық қызметтің жасқарғанын білдіреді. Қалаға бармай-ақ осы жерде қараламыз. Кеше дәрігерлер келіп, тексеріп кетті.
Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Инфекциялардың таралуына жол бермейтін оқшаулағыш та бар. «Жаңа әрі кең ғимаратта жұмыс істеу ыңғайлы», - дейді дәрігерлер.
Динар Мәнеп, Пограничник ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің дәрігері:
- Алдындағы ғимаратымызбен салыстырғанда, әрине, айырмашылық өте көп. Алдындағы жұмыс орынымыз – ауыл акиматының екі бөлмесінде жұмыс атқарғанбыз. Кардиограмма жасаймыз, скрининг жасаймыз, анализдерімізді аламыз. Барлық мүмкіншілік жасалынған. Халық та қуанышты. Халыққа да, бізге де жұмыс істеуге ыңғайлы.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының көздегені де осы. Елді мекендердегі фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің талапқа сай болуы маңызды. Ал шалғайдағы тұрғындар сапалы медициналық қызмет алуға құқылы.
Арман Исақаев, Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Жаңа нысандар бой көтерсе, ауылдық жердегі 15 мың тұрғын сапалы медициналық көмек ала алады. Медициналық пункттердің жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі. 30 жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазір құрылыс басқармасы мердігерлерді анықтап жатыр.
Алғашқы 10 медициналық мекеме бір айдан кейін қолданысқа беріледі. Олар заманауи құрылғылар және кадрлармен қамтылады. Жаңа ғимараттарды салумен қатар өңірдегі 20-ға жуық медициналық мекемелердің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы жаңартылады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Ербол Әбішов, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков