Қазақстанда 10 жылдан бері жүрек имплантациясы жасалып келеді

Елімізде жүрек сырқатына шалдыққан науқастарға 10 жылдан бері имплантация жасалып келеді деп хабарлайды 24kz.

«Осы уақыт ішінде 500-ден аса қазақстандыққа жүректің сол жақ қарыншасы жұмысын реттейтін көмекші құрылғы сәтті орнатылды», - дейді мамандар. Бұл аппарат денедегі қан айналымын механикалық түрде іске асырады. Осылайша, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі асқынған науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ жүрек трансплантациясына донор күтіп жүрген науқастардың өмірін ұзартуға да септігін тигізіп келеді. Дәл қазір елімізде жүрек сырқатына шалдыққан 131 адам ота кезегінде тұр. Оның 10-ы бала.

Салтанат Андосова, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кардиологы:

- Қазіргі таңда әлі де болса да, жүрек ауруы бірінші қатарда тұр. Өлім пайызы да әлі де жоғары. Қазақстанда 4 орталық бар осындай ота өткізетін. Осындай созылмалы жүрек жетіспеушілік бүгінгі таңда тегін науқасқа. Мемлекет оған 60 млн-дай теңге бөледі әр науқасқа, сол тегін өткізіледі.