Қызылордада қан орталығы ашылды
Қызылордада қан орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Медициналық нысанның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысты. Сондай-ақ ол әлеуметтік бағдарламалар аясында баспаналы болған тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.
Сырдарияның сол жағалауында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезектегі 150 отбасы баспаналы болды. Салтанатты шарада сөз алған вице-премьер ел азаматтарына жайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін жеткізді. Жыл басынан бері республика бойынша 7,5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көрсеткішті 18 миллионға жеткізу көзделіп отыр. «Бұл – мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Азаматтарға үй беру мәселесі жөнінде жыл сайын үлкен қаражат республикалық бюджеттен бөлініп жатыр. Осы қаражатты дұрыс жұмсап, елге жақсы зәулім үйлерді салып, азаматтарға беріп жатқан облыс басшылығы және құрылысшыларға алғысымды жеткізгім келеді. Бүгінгі үйлеріңіз шаттыққа толсын. Берекелі болсын. Үйді алған азаматтарға осы үйде өніп-өсіп, елдің үлкен азаматтары болыңыздар деп тілегім келеді.
Республикалық бюджеттен бөлінген 8,5 миллиард теңгеге салынған 5 қабатты үйлерге әлеуметтік осал топ өкілдері мен жас мамандар қоныстанды. Соның бірі – Гүлсезім Үбайділдә. Жолдасымен жетімдер санатында кезекте тұрған отбасы бірнеше жылдан бері жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Енді 2 баланың анасы 2 бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр.
Гүлсезім Үбайділдә, қала тұрғыны:
- Өте қуаныштымын. Іші өте тамаша, қазіргі заманға сай. Су, жарық – барлығы бар екен. Баспаналы болып жатқан кісілерді құттықтаймын. Іші жанға, сырты малға толсын. Шын жүректен қуаныштымыз.
Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қан орталығының ашылуына қатысты. Бұған дейін мекеменің жеке ғимараты болмаған. Салтанатты шарада сөз алған Тамара Дүйсенова 2,7 миллиард теңгеге салынған нысан медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындайтынын атап өтті. Жылына 10 мың адамға қызмет көрсете алатын орталықтың аймақ тұрғындары үшін маңызы ерек.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қан орталығы жылына 5 мыңнан 10 мың адамға дейін қызмет көрсетеді. Негізгі функционалы облыстағы барлық медицина ұйымдарына қажетті қан көлемі, қан компоненттерін бір мекеме өзі толықтай қамтамасыз ету бағытында барлық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Түгел ел игілігіне жұмыс жасауға дайын.
Шара аясында аймақтың дансаулық сақтау саласының автопаркі де жаңа көліктермен толықты. Медицина мекемелері басшыларына 76 санитарлық автокөліктің кілті салтанатты түрде табысталды.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.