Оңтүстік Кореядан Талдықорғанға келген дәрігерлер науқастарды қабылдап жатыр

Талдықорғанға Оңтүстік Кореядан жоғары дәрежелі дәрігерлер келді, деп хабарлайды 24KZ.

Хирург, кардиолог, травматолог, көмекші және аудармашыларды қоса алғанда, 60 шақты маман жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Олар ем-домнан бөлек, қалалық көпсалалы аурухананың дәрігерлерімен бірлесіп, операция жасайды. Медициналық волонтерлік қазақ халқына алғыс ретінде ұйымдастырылды.

Ермек Мақашев – бокстан және жекпе-жектен спорт шеберіне үміткер.  Полиция капитаны алған әртүрлі жарақатына байланысты осымен төртінші рет аяғына операция жасатып отыр.

Ермек Мақашев, қала тұрғыны:

- Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер Ерік Сейсенбайұлымен бірге жасады. Өте жақсы, тез. Бұйырса, 4-5 айда қайта спортқа оралсақ деген ойымыз бар. Жұмыс қызметкерлеріне келетін болсақ, өте жақсы, таза. Білікті мамандар деп айтса болады.

Оңтүстіккореялық дәрігерлер негізінен травматологияға қатысты операцияларды жасап жатыр. Олар 4 күн ішінде 30 адамға хирургиялық көмек көрсеткен. Одан бөлек, нейрохирург, ортопед, невролог пен кардиологтар 700 адамды қабылдап, кеңес берді.

Ким Бу Соп, «Хендэ» ауруханасының директоры:

- Осымен бесінші рет Қазақстанға келдік. Жетісуға жер аударылған кәріс ұлтына қазақ халқы кезінде көп көмектескен. Соның алғысы ретінде медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Біз осындай волонтерлікпен қатар көктемде, күзде екі ел дәрігерлерінің бірлескен семинарын өткіземіз.

Игі шара емдеу мекемелері және облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасындағы меморандум негізінде жүзеге асты.

Ерік Жүнісов, қалалық көпсалалы ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Бәрімізге белгілі, Оңтүстік Корея – медицина саласында алға жылжыған мемлекеттердің бірі. Сол себепті тәжірбие алмасқан өте пайдалы деп есептеймін. Болашақта осы алған тәжірибемізді ары қарай іске асырып қолданамыз деген ойдамын.

Жетісу облысында шетелдіктерді шақыртумен қатар мамандарды дамыған елдердің емдеу мекемелеріне жіберу ісі жолға қойылған. 2022 жылдан бері 50 шақты дәрігер Батыста тәжірибесін арттырды. Биыл 30 адам Ресей, Түркия, Корея, Германияға барып, біліктілігін жетілдіреді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.