Елімізде жыл сайын 20 мың бала шала туады

Шала туған сәбилерге де күтім жасау едәуір жақсарды, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен әр жылдары салмағы 500 грамм болып дүниеге келген шақалақтар қазір шапқылап жүр. Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде ерте диагностикалау мен скринингті жақсарту мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Біз ана мен бала орталығындағы шала туған шақалақтарға күтім жасайтын жансақтау бөлімінде тұрмыз. Мұнда қазір 500 граммнан 2 келіге дейін туған нәрестелер ем қабылдап жатыр. Ал жыл басынан бері мұнда шала туған 264 балаға күтім жасалған.

Елімізде жыл сайын 20 мың бала шала туады. Оның 5 мыңнан астамының салмағы 900 грамм мен бір келі аралығында болады. «Мұндай жағдай болмас үшін әйелдер жүктілікке арнайы дайындалып жоспарлауы қажет», - дейді мамандар. Елордадағы ана мен бала орталығында салмағы жарты келі шала туған сәбилерге күтім жасалады. Жыл сайын мұнда 900-ге жуық бала қабылданады.

Ботагөз Әбентаева, Ана мен бала орталығының бөлім меңгерушісі:

- Шала туған балаларға күтім жасау оңай емес. Жатырда олар 37-40 аптаға дейін болуы керек. Алайда түрлі себептерге байланысты ерте дүниеге келген жағдайда біз балаларды арнайы аппаратқа саламыз. Онда олар өз бетінше тыныс алуды, тамақтануды үйренеді. Сондай-ақ анасына балаға күтім жасауды үйретеміз. Өйткені бұл балалар алдымен қатарластарынан көп артта қалып жатады. Дегенмен, қазір медицина дамыған. Шала туған шақалақтардың көбі дені сау бала болып үйлеріне шығарылады.

Мамандар жалпы болашақ ұрпақтың денсаулығына мән беру анасы жүкті болғанға дейін басталатынын айтады. Яғни, босанғанға дейінгі кезеңдерде жүргізілетін жоспарлы тексерулерден міндетті түрде өту қажет. Бұл үшін ешкім ақы сұрамайды. Мемлекеттік емханаларда бәрі тегін. Алайда қызмет көрсету мен сапа жоғары деңгейде болуы қажет. Ол үшін салалық министрлік, перзентханаларда босандыру және неонатология саласында қызмет көрсетуге арналған тарифтерді ұлғайтты. Яғни, 1 маусымнан бастап кесарь тілігін қоса алғанда, күрделі босануға арналған тарифтер 60%-ке, ал жаңа туған нәрестелерге күтім жасау 35%-ке ұлғайды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Биылғы жылы перинаталды орталықтар, балалар ауруханалары арналған тарифтерді көбейту жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Бұл дегеніміз, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын, дәрі-дәрмектерді алуға дәрігерлерді ынталандыруға жұмсалатын қаражаттың көлемі ұлғайды. Бұл ана мен бала өлімін азайтуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ елімізде шала туған нәрестелерде ғана кездесетін ретинопатия ауруы азайған. Мәселен, биылдың өзінде салмағы 2 келі 500 грамм болатын 9 мыңнан астам жаңа туған нәрестенің 95%-і офтальмологиялық скринингтен өтті. Нәтижесінде алғашқы 48 сағаттың ішінде 240 балаға хирургиялық ем жасалды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов