Алматылық дәрігерлер ым-ишара тілін үйренді
Алматыдағы №9 емхананың дәрігерлері мен медбикелері ым-ишара тілін меңгерді, деп хабарлайды 24KZ.
Осы әдісті жарты жыл бойы оқыған 30 қызметкерге бүгін арнайы сертификат тапсырылды. 2 мыңнан аса сөз жаттаған мамандар енді мылқау жандармен еркін тілдесе алады. Мұндай бастама «Инклюзивті Орталық Азия» жобасы аясында жүзеге асырылған.
Ақпан айынан бері ым-ишара тілін Алматыдан өзге, Шымкент пен Талдықорғанның жалпы саны 153 дәрігері меңгеріпті. Жоба авторлары жыл соңына дейін тағы 150 адамға тілдесудің осы амалын үйретпекші. Осылайша, есту қабілетінен айырылған тұрғындарға қызмет көрсетуді жетілдірмек. Жаңа жобаға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның мамандары да қызығушылық танытқан.
Әсем Қалман, «Инклюзивті Орталық Азия» жобасының жетекшісі:
- Бұл – біздің осы саладағы алғашқы жобамыз. Сондықтан ым-ишара тілін бірінші рет медицина мамандарына тегін үйреттік. Емхана қызметкерлері ұсынысты қолдап, инклюзивті пациенттерге деген қызметті жетілдіруге үлес қосып жатыр. Жалпы 2 мыңнан аса сөзден тұратын ым-ишара тілін үйрену қиын емес.