Ақтауда бір әулеттің 20 дәрігері еңбек етіп жүр
Ақтаулық Әлімжан Сағымбаевтар отбасында 20 дәрігер бар, деп хабарлайды 24KZ.
Жарты ғасырдан аса ғұмырын медицианаға арнаған жан қазір балалары мен немерелерін, тіпті келіндерін де осы салаға баулып жүр. 80 жастағы ақсақал қатардан қалмай, бүгінде медициналық колледжді басқарып отыр.
Әлімжан Сағымбаев – өмірінің 60 жылын медицинаға арнаған дәрігер. Ол – Маңғыстау облысындағы денсаулық сақтау басқармасын құрғандардың бірі. Әрі өңірдегі сот медициналық сараптамасын жасайтын алғашқы маман болды. Әр жылдары Бакуде психатрия мен нашақорлық бағытында білім алып, кейін фармакология пәнінен дәріс берді. Бүгінде медициналық колледж ашып, жастардың жақсы маман болып шығуына үлесін тигізіп жүр. Қазіргі таңда оқу ордасынан 8 мың жас мамандық алып шықты.
Әлімжан Сағымбаев, медицина саласының ардагері:
- Менің әкемнің 5 тумасы бәрі анау ғасырдың басында аурудан, жалаңаштан, аштықтан өліп кетті. Сондықтан мен өзімді медицинаға арнадым. Медицинаның бәрін білгенше барлық сатысынан өттім. Мұнда маман жетіспейтін еді. Гурьевте. Мен алдында 7 жыл ЖОО-да жұмыс істеп келгеннен кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы маған осы колледжді ашуды берді. Ол кезде 200-300 бала болды.
Әлімжан Сағымбаев өзі ғана емес, әулетіндегі барлық жасты медицинаға баулыды, үйретті. Мәселен, оның інісі Ғұмар Сағымбаев аға жолын қуып ақхалатты атанған. 35 жылдан бері денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келеді. Бүгінде облыстық Апаттар медицина орталығының басшысы.
Ғұмар Сағымбаев, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшысы:
- 9-10-сыныпта оқып жүргенде мен 2 жыл облыстық ауруханада санитар болып жұмыс істедім. Оған себеп болғаны, менің ағам Әлімжан Үсенұлы дәрігер болғаннан кейін соған мен ұқсағым келді. Дәрігер мамандығын таңдадым. Мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясына түсіп, соны бітіріп, ары қарай кандидаттық дисертацияны сол жақта Ақтөбеден қорғап, 2002 жылы Ақтауға оралдым.
Бүгінде бір әулетте медбике, фармацевт, тіс дәрігері мен гинеколог, терапевт, гастроэнтеролог пен реаниматологтар бар. Сондықтан отбасының жиыны кейде дәрегерлер кеңесіне ұқсап кететіні рас. Бәрі білгенімен бөлісіп, тәжірибе алмасып отырады. Әлімжан Сағымбаев алдағы уақытта Маңғыстаудағы тұңғыш медициналық университетін ашуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев.