Қазақстанда медициналық жабдықтардың құнын бақылау күшейтілді

Қазақстанда сатып алынатын медициналық жабдықтардың құнын бақылау күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС аясында әкелінетін техниканың бағасына қатысты. Жоғары аудиторлық палата осындай нұсқама берді. Бұған дейін жүргізілген мемлекеттік сараптама көп бейінді ауруханалардың техникалық-экономикалық негіздемелерінде алшақтық барын көрсеткен. Бұдан былай құзырлы ведомство жабдық бағасын мемлекеттік кірістер органдарымен салыстыруға міндеттеледі.

Еске салайық, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында әкелінетін медициналық техниканың бағасын талдау моделі енгізілген. Соған соңғы бір жылдағы инвойс, шот-фактура және кедендік декларация көшірмесі негізінде талдау жүргізілуі тиіс. Жабдықтың кедендік құнын растайтын құжаттарды қоса беру қажет.